Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
01.10.2026

«Таза Қазақстан»: Жастар өз үлесін қосты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүргізіліп жатқаны мәлім. Оның мақсаты – елдегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін жүйелі жұмыстар жүргізу, сонымен қатар азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоғамды табиғатты қорғауға жұмылдыру.

Аталған акция аясында елді мекендер, аулалар, су көздері мен өзен-көл жағалаулары, жол маңы мен орман-тоғайлар қоқыстан тазартылады. Осы арқылы азаматтардың бойында қоршаған ортаға қамқорлық сезімі оянады, олар өздері тұратын аумақтың тазалығына жауапкершілікпен қарайтын болады. Бұл бағытта жалпыхалықтық сенбіліктер ғана емес, ағаш отырғызу жұмыстары да жүргізіледі. Еріктілерден қадағалаушы ұйымдар құрылып, олар тазалық сақтау бойынша түрлі рейдтер өткізеді. Азаматтар арасында экологиялық байқаулар, семинарлар, тренингтер, лекциялар өткізіледі. Тарихи-мәдени ескерткіштердің төңірегін абаттандырып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі, ардагерлерге көмек беріледі, Қарттар үйлері күтімге алынады. Бұдан басқа да толып жатқан игілікті істер атқарылады. Осы уақытқа дейін жүздеген экологиялық іс-шаралар өткізілді, жүздеген мың тонна қоқыс жиналды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алған екі жылдан бері, міне, осындай қыруар іс-шаралар атқарылып келеді. Бұл игілікті іске Түркістан облысындағы Арыс қаласы да өзіндік үлесін қосуда. Шараға әсіресе жастар көптеп тартылады. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпақтың бойына тазалық, көпшілдік, жауапкершілік, адамгершілік қасиеттер сіңіру, олардың туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін, жауапкершілігін арттыру, оларды бірлік пен ынтымаққа баулу. Осы орайда таяуда қалалық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Дүниежүзілік тазалық күніне орай ауқымды сенбілік өтті. Сенбілік жұмыстары барлық білім беру ұйымдары мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің аумақтарында өткізілді.

Іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, туған жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін арттыру, сондай-ақ қаланың санитарлық жағдайын жақсарту. Бұл әсіресе ел ертеңі – жас ұрпақ үшін керек іс, олар осындай сенбіліктерге қатысу арқылы көп нәрсені көреді, сезінеді, өзіне бұлжымас әдет етеді.

Сенбілік барысында білім беру ұйымдары мен балабақшаларға бекітілген аумақтар ретке келтіріліп, санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Аумақтар күл-қоқыстан тазартылып, қураған шөптер шабылды. Ұжым мүшелері ұйым аумағының тазалығын қамтамасыз етуге және абаттандыру жұмыстарына белсене атсалысты.

Тазалық – баршаға ортақ міндет әрі туған жерге деген құрмет пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Қоршаған ортаның тазалығына әрқайсымыз өз үлесімізді қосқанда ғана қаламыздың ажары артып, туған жеріміздің көркейе түсері сөзсіз. Сенбілікке қатысқан жастар тазалықтың әр адамның өзінен басталатынын, жұмысла бірге жұмыс істесек, бірлігіміз жарасып тұрса, ынтымағымыз мызғымас болса, алынбайтын асу жоғын сезініп, үйлеріне көтеріңкі көңіл-күймен тарасты. Осындай берекелі істерде бірге болсақ, туған жеріміздің, Отанымыздың гүлдене түсері анық.

Х. АСАН.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар