Бұл туралы Қаржы вице-министрі тұрғындармен кездесуде ескертті
Шымкентке Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков келіп, қала тұрғындарымен кездесті. Ғалым Қасымбеков басшылық жасайтын Шымкент қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті ұйымдастырған жиында вице-министр атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен баяндама жасады.
«Мұндай кездесулер «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сәтті жүзеге асырудың негізгі факторы болып табылады. Осындай өзара іс-қимылдың арқасында азаматтар мемлекеттік басқару процесіне белсенді түрде қатысып, соның нәтижесінде мемлекет органдарының халық алдындағы жауапкершілігі күшейеді», — деп атап өтті кездесу кезінде министр орынбасары. Ол бүгінде Қаржы министрлігі өз процестерін толығымен цифрлық түрлендіруде екенін айтты. Президенттің нұсқауын орындау бағытында биыл министрлікке мемлекеттік қолдау шараларының тізілімін жүргізу және мемлекеттік көмек алған кәсіпкерлік субъектілерін бақылау функцияларын жүктейтін түзетулер қабылданған. Өйткені бүгінде мемлекеттік қолдау шараларының айтарлықтай бөлігі цифрландырылмаған, олар қағазда беріледі, ал бұл барлық шаралар мен оларды алушылар туралы бірыңғай әрі жаңартылған есепті жүргізуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан министрлік «Baqılawda» жүйесін құруды бастап отыр. Оған мемлекеттік қолдау бойынша субсидиялар, гранттар, несие/лизингтер, сақтандыру, кепілдіктер, қаржылай емес шаралар — барлығы 150 шара енгізілген.
Мемлекеттік қолдау шараларының мониторингі бизнесті қолдау шығындарын мемлекеттік бақылаудың екі деңгейлі жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қолдау шараларының операторлары (екінші деңгейлі жүйелер) кәсіпкерлерден өтінімдерді қабылдайды, қарайды, оларды бірінші деңгейге жібереді. Бірінші деңгейлі «Baqılawda» жүйесі кәсіпкерлерді бағалайды, олардың талаптарға сәйкестігін тексереді, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бақылайды және бюджеттен мемлекеттік қолдау шараларының төлемдері бойынша шешімдер қабылдайды. Бұл тәсіл әрбір кәсіпкердің жұмысының нәтижелілігі мен тиімділігін жүйелі бағалауға, бизнестің есеп беруін күшейтуге, халықаралық гуманитарлық көмек көрсету кезінде шешім қабылдау рәсімдерін жақсартуға мүмкіндік береді.
Вице-министр 2025 жылы Қаржы министрлігіне білім беру саласындағы төлемдерді өңдеу және бақылау міндеті жүктелгеніне де тоқталды. Жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесін жедел шешу үшін 2025 жылдың күзінде «OrtaBilim» қызметі іске қосылған. Бұл қызмет «Bilimge» бірыңғай білім беруді қаржыландыру порталының құрамына кіреді. Қызмет мектептерден, бюджеттік хабарландырулардан, өтінімдерді тапсырудан бастап қаржыландыруды автоматтандырылған түрде бөлуге, келісім-шарттарды орындауға, қызметтерге ақы төлеуге дейін цифрландырған. Мектеп деректерін цифрландыруға өрт қауіпсіздігі талаптарына, санитарлық стандарттарға, нысандарды лаңкестікке қарсы қорғауға байланысты және басқа да сәйкестікті растайтын құжаттар кіреді. Қаржыландыру сомасы қолжетімді деректер негізінде автоматты түрде анықталады. Білім алушылардың саны нақты уақыт режимінде тексеріледі, әрбір қаржылық транзакция цифрлық жүйеде тіркеледі. Бұл қолмен есептеулерді болдырмайды, субъективті факторлардың әсерін азайтады, бюджеттік қаражаттың ашықтығын арттырады. Ол қазірдің өзінде экономикалық тиімділігін көрсетіп отыр.
2025 жылдың соңына қарай мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жалпы сомасы 76 миллиард теңгеге 785 жекеменшік мектеп цифрландырылып, қаржыландырылған. Оның жоспарланған құны 84 миллиард теңге болған, яғни 8 миллиард теңге үнемделіп отыр. Биылғы жылдың басынан мамыр айына дейін оператор 750 мектептің сертификаттары үшін жалпы сомасы 103,4 миллиард теңге төлеген. Бүгінгі күнге дейін платформада 858 жекеменшік мектеп цифрландырылған.
Цифрландырудың арқасында бірқатар проблемаларды анықтауға мүмкіндік туып отыр. Аталған жүйе білім беру мақсаттарына арналмаған коттедж, кеңсе, тойхана, өндірістік нысан сияқты ғимараттарда жұмыс істейтін 126 мектепті анықтаған. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап мұндай мектептер үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы тоқтатылмақ. Өйткені осы уақытқа дейін оларға өз нысандарын белгіленген санитарлық, қала құрылысы және басқа да талаптарға сәйкестендіру мүмкіндігі берілген еді. Белгіленген мерзімге дейін толық үлгермегеннен кейін оны тағы да бір жылға ұзартқан болатын.
Мұндай мектептер Шымкентте де бар. Сондықтан кездесуге қатысушылар тарапынан бұған байланысты бірқатар сұрақтар қойылды. «…Егер нысаналы мақсатын өзгертіп үлгермеген мектептер жабылар болса, ондағы оқып жүрген балалар қайда барады?» — деген сұраққа вице-министр: «Қойылған талаптар бойынша жұмыс істеліп, біразы реттеліп қалған. Жылдың соңына дейін бітіріп үлгереді деген үміттеміз», — деп жауап берді. «Біздің мақсатымыз — жекеменшік білім беруге мемлекеттік қолдауды азайту емес, керісінше, қаржыландыруды білім беру қызметтерін шынымен ұсынатын және белгіленген талаптарға сай келетін мектептер алуы үшін бюджет қаражатының ашық және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету», — деп түсіндірді Дәурен Оденұлы.
Аталған жобаны одан әрі дамыту аясында министрлік жекеменшік және мемлекеттік мектептерді, мектепке дейінгі, қосымша, техникалық, кәсіптік және жоғары оқу орындарын қаржыландыруға көшуді ұсынуда екен. «Жалпы алғанда, Қаржы министрлігінің білім беру шығындарын бақылау бойынша үздіксіз күш-жігері білім беру мекемелеріне қаржыландырудың жедел жеткізілуін қамтамасыз етеді, жоспарлау есептеулерінің ашықтығын арттырады, кідірістер қаупін азайтады, қос қаржыландыру жағдайларын жояды және төлем процестерін стандарттайды», — деді Қаржы вице-министрі.
Қаржы министрінің орынбасары денсаулық сақтау саласында көрсетілген қызметтерге төлемнің де цифрлық жүйеге ендіріліп жатқанын айтты. Бұл бағытта «Qalqan» бірыңғай порталы іске қосылған. Ол медициналық көмек көрсетуден, медициналық ұйымның деректерінен бастап автоматтандырылған тексеруге, төлем жасауға және нәтижелерді талдауға дейін қаржыландырудың толық процесін қамтамасыз етеді. Оған міндетті медициналық сақтандыру қоры қаржыландыратын барлық 1767 медициналық ұйым қосылған. Өндірістік базалардың барлығы да кезең-кезеңімен цифрландырылып жатыр. Вице-министр бұған байланысты: «Qalqan» цифрлық жүйесі біртіндеп тек төлем жүйесіне ғана емес, денсаулық сақтауды қаржыландыруды басқарудың бірыңғай цифрлық негізіне айналуда», — деп атап көрсетті. Осы орайда нақты Шымкентте атқарылған шаруалардың бірқатарына тоқталып өтті. «Qalqan» цифрлық жүйесіне қаламыздағы мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекеменің барлығы (130 мемлекеттік және 35 жекеменшік мекеме) түгел қосылыпты. Өндірістік базаларды ендіру, цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр. «Qalqan» цифрлық жүйесіндегі 35 медициналық ұйыммен жалпы сомасы 12 миллиард теңгеге келісім-шарт жасалған.
Биылғы жыл соңына дейін медициналық көмекті жоспарлаудың, сатып алудың және төлеудің толық циклін цифрландыру көзделуде. Ақауларды бақылау және талдау үшін жасанды интеллект құралдарын қоса алғанда аналитикалық болжау құралдары да іске қосылмақ. Сондай-ақ алаяқтыққа қарсы бастапқы бақылау, көрсетілген қызметтерді автоматты түрде тексеру іске қосылады деп жоспарланған. Медициналық ұйымдарда алдын алу бақылауы механизмі енгізіледі. Қысқасы, медицина саласында, сақтандыру бағытында мемлекет қаржысын талан-таражға салуға жол бермеудің шаралары енгізіліп жатыр.
Д.Темірбеков мемлекеттік мүлікті басқару тетіктерін жетілдіру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде де айтты. Бұған қатысты Заңды қайта қарау жүріп жатыр. Толыққанды цифрлық активтер экожүйесін қалыптастыру қолға алынбақ. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу бойынша электрондық тендерлер енгізу көзделуде. Квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік және корпоративтік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру іске асырылады. «BIG-Data», ғарыштық мониторингі енгізілмек. Мемлекеттік органдардың баланстарында мемлекеттік активтерді есепке алуды біріктіру арқылы мемлекеттік активтердің барлық түрлері үшін цифрлық мониторинг жүйесі құрылады. Мемлекеттік мүлікті мақсатты және тиімді пайдалануға алдын алу бақылауы енгізіледі. Заңнамалық базамен қатар Мемлекеттік мүлік тізілімі жүйесін жетілдіру жұмыстары да жүргізілуде. Бұдан басқа да бірқатар жаңалықтар енгізілетін болады.
Вице-министр «Қазына» сандық жүйесі құрылатынын да айтты. Ол Мемлекеттік мүлік тізілімінің 10 функциясын автоматтандыруға жол ашпақ. Жүйедегі әрбір модуль жоспарды қалыптастыру, мемлекеттік міндеттемелерді тіркеу, бюджеттік төлемдер, валюталық операциялар, бюджеттік есеп және тағы да басқа нақты процеске жауап береді. Жаңа, жаңғыртылған «Қазына» цифрлық жүйесін құру бюджет қаражатының тиімділігін арттыру, тәуекелдерді ерте анықтау үшін дәл болжау мен өтімділікті басқаруды қамтамасыз ететін болады.
Министр орынбасары бүгінде Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп, мемлекеттік секторда цифрлық теңгені пайдалануды кеңейту бойынша жұмыс істеп жатқанын да жеткізді. Биыл цифрлық теңге мемлекеттік сатып алуларды, инфрақұрылымдық жобаларды, субсидияларды және салық әкімшілігінің кейбір салаларын қоса алғандағы бюджеттік процестерге енгізіледі. Бюджет кодексіне цифрлық теңгені пайдалана отырып төлемдер мен ақша аударымдарына қатысты түзетулер енгізілген. «Мемлекеттік қаржыға цифрлық теңгені енгізудің негізгі мақсаты — бюджет қаражатын тек жаңа түрге айналдыру емес, бюджеттік шығындарды басқарудың түбегейлі жаңа механизмін жасау», — деді вице-министр.
Цифрлық теңгені енгізу бюджеттік қаражаттың қаржыландыру көзінен соңғы алушыға дейін бақылануын, оның мақсатты пайдаланылуын, белгіленген шығыс шарттарын автоматты түрде бақылауды, қаражатты дұрыс пайдаланбау қаупін азайтуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ол мемлекеттік шығындардың ашықтығын арттыруға, бюджеттік қаражаттың нақты ағыны туралы жаңартылған ақпарат алуға мүмкіндік береді. Цифрлық теңгені пайдалану тек төлемнің өзін ғана емес, сонымен қатар, жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша міндеттемелер бюджеттік қаражатты пайдалана отырып толық орындалғанға дейін қаражаттың кейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Осылайша ол мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыру құралына айналатын болады.
Қаржы вице-министрі шымкенттіктермен кездесуінде жұртшылыққа мемлекеттік қолдау, білім беру және денсаулық сақтау, мемлекеттік мүлікті басқару, қазынашылық және сандық теңге бағыттары бойынша іске асырылып жатқан осы және басқа да жайлар жөнінде егжей-тегжейлі баяндады. Дәурен Оденұлы кездесуге қатысушылардың түрлі сұрақтарына тұщымды жауаптарын берді.
Х. АСАН.



