ҚАТЫГЕЗ КЕЛІНШЕК

Құқық

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-03-11 10:15:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 50


ҚАТЫГЕЗ  КЕЛІНШЕК

(Жалғасы. Басы https://nysana.kz/news-details.php?nid=122)

...2020 жылы Астанада өткен бір жиында Ауған соғысының ардагері, бизмесменді өлтірген қылмыскердің әлі күнге дейін табылмағаны туралы биік мінберден өткір сын айтылып қалды.

Осыдан кейін Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен бұл қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын қайта жүргізіп, қалайда қылмыскерлерді табу үшін Астана қаласының Ішкі істер департаменті Тергеу басқармасының басшысы, тәжірибелі полковник Абылай Қайсеновты арнайы Шымкентке іссапарға жіберді.

 Полковник А.Қайсенов Шымкентке келе салып, Ауған соғысының ардагері, бизмесменннің өліміне қатысты қылмыстық істі алдыртып, онымен танысу барысында марқұм Дархан мен оның әйелі Тахминаның ара қатынасы онша жақсы емес, яғни үйлеріндегі ақшаның бір бөлігі жоғалуына қатысты кикілжіңдер болғандығын оқи отырып, бұл жерде бір кілтипанның бар екенін іштей сезді. 

Соған байланысты, ол ең алдымен марқұм Дарханның үйіне барып, оның әйелі Тахминаға көңіл айтып әрі одан кейбір күмәнді мәселелерді сұрап, анықтау мақсатында «Күншығыс» ықшам ауданындағы үйіне келді. 

Полковник пәтердің қоңырауын басып тұрғанда, олардың үйінде ешкім жоқ деп айтқан көршісі, денелі келген, мығым кісіге жылы жүзбен қарап, бірер сағатта келіп қалатын шығар, оған дейін біздің үйде күте тұруыңызға болады деп, Дәмеш апай қонақжайлық танытты.

Осы сәтте полковниктің есіне талай шытырман қылмыстық істерді ашуға көршілердің көргендері мен білгендерінің көп пайдасы тигені түсіп, мына шым-шытырық істің бір ұшын табу үшін, бұл мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келді.

Іздегенге – сұраған дегендей, Дәмеш апай ашық әрі әңгімешіл болып шықты. Оның жайша келдіңіз бе? деген сұрағына, А.Қайсенов бірден сыр ашпай, жай, Тахминаға жолығып, хал-жағдайын білейін дегем дей салды. 

Дәмеш апай бірден сөз бастап, - марқұм Дархан көршім ақкөңіл, көрген жерде амандасып хал-жағдай сұрайтын, мал тапқыш жақсы жігіт еді! Менің байқауымша, Тахмина күйеуінің тапқанын ұрлап-жырлап, оңды-солды шашып, берекесін кетіргенін оқта-текте пәтеріне кіріп қалғанымда, күйеуі әйеліне «бес жүз мыңды қайда құрттың?, өткендегі ақша да табылмады.» деп ұрсып жататын. Дархан көршімнің қаныпезер біреулердің қолынан қаза тапқанын естігенде бәріміз де есеңгіреп қалдық қой... - деді мұңайып.          

«Бұдан 7-8 жыл бұрын көршімді біреулер пышақтап өлтіріп кеткен соң, Тахминаның қайғыдан қан жұтып, қайғырғанын байқамадым. Керісінше, күйеуінің 40 күндік асы өтер-өтпестен алтын алқа мен алтын сырға сатып алып, сыланып шыға келді ғой, бұл келіншек ... 

Айтпақшы, қайбір жылы үйіне келген бір жігітке Тахминаның «Сендерге күйеуімнен мұрагерлікке қалған қаладағы сол бір жерден басқа қазір қалтамнан бере салатын миллиондарым жоқ!» деп айтқанын естігенім бар. 

Абылай Қайсенов: «Ол жігіт бұрын да Тахминаның үйіне келіп тұрушы ма еді?» деп сұрады. Дәмеш апай: «Бұл жігіттің ертеректе осы үйге бірнеше рет келгенін көрген едім, ал бірақ кейінгі кездері оның келгенін байқамадым» деді.          

Қым-қиғаш қылмыстық іске қатысты осындай керекті мәліметтерді алғаннан кейін полковник: «Апай сізге рақмет, мен асығыстау едім, бірақ менің келгенімді Тахминаға айтпауыңызды өтінемін» деп, шығып кетті. 

Содан тура қалалық Ішкі істер департаментіне жолда келе жатып А.Қайсенов, кәсіпкер Дарханның өліміне оның әйелі Тахмина мен оның жиен інісі Ердостың тікелей қатыстары бар деген күдігі нақтыланып, оған тағы да көзі жете бастады. 

Осы орайда оның есіне, кейбір қылмыскердің жаны тыныштық таппай, әсіресе түнге қарай мазасызданып ұйықтай алмай, ақырында өз аяғымен полицияға келіп қылмысын мойындайтындар да кездесіп қалатынын Криминалистика бойынша бір жерден оқығаны бар еді. Мүмкін, сондай жағдай болып қалар деп іштей ойлап қойды?!

Ол департаментке келісімен қаладағы спорт мектебінде жұмыс істейтін, Тахминаның және оның жиен інісі Ердос Өмірзақовтың ұялы телефондарын қылмыстық іс шеңберінде жүргізілетін жасырын тергеу әрекеттерін белгіленген заң тәртібімен, яғни Тергеу сотының санкциясымен тыңдауды ұйымдастырып, олардың сөйлескен сөздерін тыңдап және оны терең талдауға кірісті.

Сонымен қатар Абылай Әзімханұлы, қылмыстық іске қатысты жәбірленушінің өкілі Маханды шақырып, оған қойған бірнеше сұрақтарына төмендегідей жауап алды.

«Қайтыс болған Дархан менің туған ағам, ал Тахмина жеңгем. Марқұм болған бизнесмен ағам Ауған соғысына қатысқан жауынгер болғандықтан, бір кісілік күші бар мықты жігіт еді. Оған оқыстан шабул жасалған ғой деп ойлаймын. Ағамды 2012 жылы 17 сәуір күні кешкі мезгілде «Жібек жолы» көшесінің бойындағы «Атлант» сауда үйінің маңында белгісіз біреулер пышақтап өлтіріп кеткенін сол күні түнде жеңгемнен естідім. 

Осы оқиға орын алардан 5-6 жыл бұрын..."

(Жалғасы сайтымызда ертең жарияланады)

Қабыл Дүйсенби


Пікір қалдырыңыз: