ҚАТЫГЕЗ КЕЛІНШЕК

Құқық

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-03-13 10:35:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 38


ҚАТЫГЕЗ  КЕЛІНШЕК

(Жалғасы. Басы https://nysana.kz/news-details.php?nid=124)


...Осы оқиға орын алардан 5-6 жыл бұрын ағамның үйінен қомақты ақша жоғалған. Мен бұл ақшаны кім алғанын білмеймін, бірақ ағам жеңгемнен күдіктеніп жүретін. Қайтыс болардан біраз уақыт бұрын ағам Шымкенттегі екі қабатты жер үйін сатып, ол ақшаны «Күншығыс» ықшам ауданындағы пәтеріндегі сейфке салып қойғанын естігем. Кейін сейфтен осы ақшаның қомақты бөлігі жоғалғанда, ағам кімнен күдіктенерін білмей, мүмкін үйдегілердің біреуі алған шығар деп, полицияға арызданбағанын маған айтқан тұғын. Ал, ағам мен оның қайнысы Ердостың арасында қандай да бір бас араздық болғанын білмеймін. Бір білетінім, ағам үйін соққан кезде Ердос құрылыстың басында жүріп оған көмектескен.

Ал, 17 сәуір күні орын алған оқиғаның басы-қасында өзім болмағандықтан, оның қалай болғаны туралы еш нәрсе айта алмаймын. Бірақ, кінәлілерді кешірмеймін! Қылмыскерлер ұсталған жағдайда, оларға қатаң жаза беру керек!» деді, ол берген жауабында.

 Полковник Абылай Әзімханұлы, осы қылмыстық іс шеңберінде жүргізілген жасырын тергеу әрекеттерінің барысында аудиотаспаға жазылып алынған әңгімелерді жан-жақты талдап, зерттеуге кіріскен.                                                                                                             

Бір күні Е.Өмірзақов ұялы телефоны арқылы З.Тілеубергеновке қоңырау соғып, жаны қатты қиналып, ұйықтай алмай жүргенін, сондықтан жасаған қылмыстары туралы полицияға мойындап баратынын айтқан. 

Сондай-ақ ол қылмыс оқиғасы қалай орын алғаны, оны кім жасағаны туралы, қалай болғанын сол күйінде айтып беретінін және қылмысқа әпкесінің қатысы бар екенін де жасырмайтыны жайлы айтқан.                                                                                                

 З.Тілеубергенов Е.Өмірзақовты полицияға бармауға үгіттеп, барған жағдайда да қылмысты тек өзінің мойынына алуды, егер қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды айтқан жағдайда бәріне қиын болатыны туралы ескерткен.

А.Қайсенов осы Е.Өмірзақов пен З.Тілеубергенов сөйлескен дауыстарды және бұдан басқа да Т.Далиева мен Е.ӨмІрзақовтың арасында болған әңгімелер жазылған дискілерді алып, олардың барлығын іске айғақ зат ретінде тіркеп қойды. 

Осыдан кейін полковник бұл қылмысты бірнеше адам алдын-ала келісіп жасаған деген қорытындыға келіп, шұғыл түрде Е.ӨмІрзақовты полицияға шақыртты.

Ол келген бойда барлық жасаған қылмысын өз еркімен толық мойындап, Полиция департаментіне жазып әкелген арызын А.Қайсеновтың қолына тапсырды. 

Абылай Әзімханұлы, айыпталушы Ердос ӨмІрзақовқа мына арызда тек шындық жазылған ба деп сұрады.

- Иә, мен сегіз жылдан бері сергелдеңге түсіп жүрмін, жаным қатты қиналып кетті, түнде ұйықтай алмаймын.

Алғашында Т.Далиеваның маған айтқан өтінішін ауылдасым З.Тілеубергеновке жеткізіп, солармен бірге жасаған қылмыстарымды полицияға барып айтуға бекінгеніме біраз уақыт болған. Арызымды да сол кезде жазып қойған едім. Алайда, оны полицияға апарып тапсыруға жүрегім дауаламай, яғни батылым жетпей жүрген.

Міне, бүгін сіздер шақыртқан соң, бұрын жазып қойған арызымды алып келдім, - деді. 

Ендеше, топтың жасаған қылмысына сыбайлас қатысушы ретінде, сен олардың жасаған қылмыстарын ашуға белсене жәрдемдесетін болсаң, сол кезде саған «Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің» 55-бабына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін тиісті бапта белгіленген төменгі шектен де төмен жаза тағайындау көрсетілгенін өзіңе арнайы түсіндіріп өтейін. Сонымен қатар, Заңда жазылған бұл тармақ тергеуші мен прокурордың және жаза тағайындау кезінде соттың да тарапынан ескерілетінін тағы да қайталап айтып, есіңе салғым келеді. 

Полковниктің айтқандарын мұқият тыңдаған айыпталушы Е.ӨмІрзақов: «өзінің кінәсін толық мойындайтындығын, оған шын көңілден өкінетіндігін және Дарханды өлтіруге қатысты топтың істеген қылмыстарын ашуға байланысты бар білетінімді сізге жасырмай айтып, тергеуге көмектесемін» - деді.

Сұрақ – жауаптан кейін полковник А.Қайсеновтың Тергеу сотына жазған өтінішхатына сәйкес, айыпталушы Е.ӨмІрзақов сол күннен бастап қамауға алынды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Е.ӨмІрзақов өзіне тағылған айыптауларды толығымен мойындап, берген жауабында:  «2011 жылдың соңында Т.Далиеваның арнайы шақыртуымен қаладағы Т.Рысқұлов көшесінің бойындағы бір кафеде нағашы әпкеммен кездескенімде, оның көзі көгергенін байқадым. Оған сұраулы жүзбен қарағанымда, ол күйеуінің ұрғанын және күнде ұрсып тыныштық бермейтінін айтты. Бірақ, Тахмина үйінде күйеуінің ақшасы жиі жоғалуына байланысты ұрыс-керіс болатынын Ердосқа айтқан жоқ.

Сондықтан да менің күйеуім Дарханды өлтіріп, оның көзін құрту керек. Маған осыны жалданып істейтін адам тауып берші деп өтініш жасаған болатын.

Мен іздестіріп көрейін дедім.

Содан өзім тұратын Арыс ауданындағы  ауылыма келген соң, көршім З.Тілеубергеновке нағашы әпкем Тахминамен арамызда болған әңгімені айттым.

Ол сонда, «Егер маған 1 000 000 теңге берсе, мен оны жоқ қылып жіберемін», деп жауап берген тұғын.

Осыдан кейін мен, 2012 жылы ақпан айында Шымқалаға келіп, Тахминаға кездесіп, көршімнің «маған 1 000 000 теңге берсе, оны жоқ қылып жіберемін» дегенін жеткіздім.

Тахмина «З.Тілеубергеновтың ұсынысымен келісемін, бірақ жоқ қылудың қажеті жоқ, маған күйеуімнің өлі денесі табылуы керек. Себебі, оның есеп шотында ақша бар, ол өлген соң сол ақшаны мен алуым қажет. Сен Дарханның фотосуретін және оның тұратын мекен-жайы жазылған мына қағазды З.Тілеубергеновке апарып бер!» деп, менің қолыма ұстатқан болатын.

Мен Тахминаның айтқанын орындап, оның берген фотосуреті мен бүктелген қағазын ауылдағы көршім З.Тілеубергеновке апарып қолына тапсырғам.

Содан кейін 17 сәуір күні мен, жездемді біреулер пышақтап өлтіріп кеткенін естідім.

Ал, 20-сәуірде З.Тілеубергенов ауылға келіп, маған жездемді өлтіргенін айтып, қызмет ақымды бер деп менен талап етті.

Арада 2 ай өткен соң...

(жалғасы сайтымызда ертең жарияланады)

Қабыл ДҮЙСЕНБИ, 

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі



Пікір қалдырыңыз: