Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-03-14 11:00:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 40
(Соңы. Басы https://nysana.kz/news-details.php?nid=129)
Арада
2 ай өткен соң мен, Т.Далиевадан 7 000 АҚШ долларын алып, Шымкенттегі «Колос»
аумағында З.Тілеубергеновке жолығып, оған осы ақшаны қызмет ақысы ретінде
қолына бердім. Бірақ, сол кезде өзімнің жасаған қызметім үшін, мен бір тиын да
алғаным жоқ.
Кейін 2014 жылы мен, егін егіп диқаншылықпен айналысу үшін, Т.Далиевадан 500 000 теңге қарыз алғам. Бірақ, еккен егінім шықпай қалып, әлі күнге дейін Тахминаға ол ақшаны қайтарғаным жоқ.
2017 жылдың көктемінде маған З.Тілеубергенов телефон соғып, жем сату бизнесімен айналысайық, соған 2 500 000 теңге тауып бер деп сұраған.
- Менде ондай ақша жоқ дедім.
- Ол - әпкең Тахминадан сұра немесе З.Тілеубергенов қылмысты
ашамын деп, сәлем айтып жатыр дегенімді жеткіз – деді.
Сонда мен, «Ашыққаннан – құныққан жаман» деген осы шығар деп ойлағам?!
Амалымның жоқтығынан Тахминаға барып, осы әңгімені жеткізгенімде, ол ақшам жоқ деді.
Бірақ, одан қорыққанынан Т.Далиева үй салуға арналған қаладағы жерін З.Тілеубергеновтың жездесі А.Яхяевтың атына нотариус арқылы рәсімдеп берді.
Сегіз жыл сергелдеңге түскен Е.Өмірзақов соңында шыдай алмай, 2020 жылдың сәуір айында өз еркімен жасаған қылмысын мойындап, Полиция департаментіне осындай арызбен жүгініп және осы істеген ісіне қатты өкінетінін де көрсетіп жазған екен.
Арызды оқып болған сәтте полковниктің ойына ақындардың «Жалт-жұлт еткен қу дүние, көп адамды құмар қылған бұл дүние. Қолға түссе ағып кетер су дүние, қайғы-қасіреті көп мұң дүние!» деп жазған өлең жолдары оралып, соны күбірлеп айта бергенін өзі де сезбей қалды!..
Абылай Әзімханұлы, осы қылмыстық іс бойынша айыпталушы З.Тілеубергеновтен де жауап алды.
Ол көп ойланбастан істеген қылмысын өз еркімен мойындайтыны туралы арызын жазып берді.
Содан кейін айыпталушы З.Тілеубергенов те қамауға алынды.
Полковник сол күні жедел түрде Т.Далиеваның үйіне шұғыл уәкіл жіберіп, оны полицияға алдыртып, одан сұрақ-жауап алды. Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында Т.Далиева мен бірге оның адвокаты да қатысып отырды.
Абылай Әзімханұлы, ең алдымен айыпталушы Тахминаға қылмысын өз еркімен мойындаса, оған дұрыс болатынын және жазаны жеңілдетуге өзі де тырысатынын айтып түсіндірді.
Алайда, Т.Далиева күйеуін өлтіруге тапсырыс бермегенін, Е.Өмірзақов пен Дарханның арасында жеке бас араздықтың болғанын тілге тиек етіп, ертеректе Ердос Дарханға 300 000 теңге қарыз болып, сол ақшаны қайтармай жүргенін алға тартып, өзінің кінәсі жоқ екен айтып, ақталуға тырысты.
Содан кейін, ол Тахминаны Е.Өмірзақовтың, З.Тілеубергеновтың жасаған қылмыстарын өз еріктерімен мойындап, жазған арыздарымен таныстырды.
Т.Далиева бұған да құлақ аспастан, күйеуін өлтіруге тапсырыс бермегенін, жалпы өзінің бұл іске ешқандай қатысы жоқ екендігін айтып, үйде жасөспірім қыздарым күтіп отыр, мені үйге қайтарыңызшы деп жылай бастады.
Полковник Т.Далиеваға су құйып беріп, оны сабырға шақырды. Сөйтіп, өзінен бұрын және өзі жинақтаған деректі материалдары біртіндеп шығарып, оған таныстыра бастады.
Әр материалмен танысқан сайын, Тахминаның түрі бірде бозарып, бірде сұрланып, даусы да бәсеңси түсті. Бірақ, күйеуін өлтіруге тапсырыс бергенін мойындайтын түрі байқалмайды.
Содан кейін Абылай Әзімханұлы, оған Е.Өмірзақов пен Т.Далиеваның арасында болған және Е.Өмірзақовтың ұялы телефон арқылы З.Тілеубергеновке қоңырау соғып, екеуінің арасында болған әңгімелері жазылған дискілерді тыңдатып отырғанда, кенеттен Тахмина өксіп жылап, күйеуін өлтіруге тапсырыс бергенін мойындады. Сөйтіп, ол өзінің осы істеген ісіне қатты өкінетінін айтты.
Осыдан кейін полковник Т.Далиеваға: - егер, шындықты айтып тергеу барысында қылмысты ашуға жәрдемдессең, сонда ғана жазаңды жеңілдетуге көмектесем деп, - тағы да айтып ескертті.
Ендеше, мен шынымды айтайын деп, Тахмина әңгімесін бастады.
- 2012 жылдың желтоқсан айында Е.Өмірзақов менен 700 000 теңге қарызға сұрағанда, ақшам жоқ деп, қарыз беруден бас тартқам. Содан Ердос қайта-қайта ақша сұрап келе берген соң 750 000 теңгені қарызға бергем. Мен одан ақшаны қайтар деп сұрай берген соң, ол маған қоқан-лоқы жасап, үйіңді сат, сол кезде ақшаң болады деп айтқан. Бәрібір ол сондағы алған ақшасын маған қайтарған жоқ.
2017 жылдың қазан айында қай күні екені есімде жоқ, таңертең спорт мектебінің алдында маған, - мен Е.Өмірзақовтың жолдасымын, сенімен сөйлесуім керек деп, - З.Тілеубергенов келген.
Оған «Мен сені танымаймын» деп, жұмысым орнына кірген соң Ердосқа телефон соғып, З.Тілеубергеновтың келгенін айттым. Ол өзінің Астана қаласында екенін айтып, бір аптадан кейін келген соң үйіңізге соғамын деді.
Бір аптадан кейін үйіме келген Ердостан 750 000 теңге қарызды қайтар десем, ол менде ақша жоқ. «Қайта, сен маған 15 000 000 теңге тауып бересің немесе екі қызыңды көрмейсің. Одан бөлек, күйеуің Дарханды өлтіруге сен тапсырыс бердің деп полицияға айтамын» - деп өзімді қорқытты.
Осы әңгімеден кейін Е.Өмірзақов пен З.Тілеубергенов екеуі менің және қызымның артынан қараша айының ортасына дейін аңдыды.
Кейін Ердос маған келіп, «егер ақша тауып бермесеңіз З.Тілеубергенов қызыңызды зорлап, өлтіріп кетеді деген соң, қызымның өмірінен қатты қауіптендім. Содан қорыққанымнан, жұбайымнан мұрагерлікпен қалған үй соғуға арналған жерді З.Тілеубергеновтың жездесі А.Яхяевтың атына нотариус арқылы рәсімдеп бердім.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін, бір күні Е.Өмірзақов маған үйіңізді сатып көшіп кетіңіз, әйтпесе З.Тілеубергеновтың сыбайласы «Болат» есімді біреу жақында түрмеден шығады. Сол саған келіп тиісуі мүмкін екенін маған хабарлап айтқан болатын. - деп біраз шындықтың бетін ашты.
Осылай тергеудің соңында Т.Далиева жасаған қылмысын өз еркімен мойындап, кінәсін мойындау туралы арызын жазып берді.
А.Қайсенов заңда белгіленген тәртіппен әрекет етіп, айыпталушы Т.Далиеваны сол күннен бастап қамауға алды.
«Асқан өзімшілдік пен дүниеқұмарлықтан бұзақылық туады» деген сөз бекер айтылмаған екен. Ал, жауыздар қоғам таразысына қарамайтын, қарақан басының ғана қамын күйттейтін өзімшілдерден шықса керек, - деген сөз осы сияқтыларға қатысты айтылған шығар деп ой қорытты полковник.
Абылай Әзімханұлы, қолға алған істен нәтиже шығармай тынбайтын әдетімен, осы қылмыстық іс бойынша қысқа мерзім ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын толық аяқтады.
Сонымен бұл қылмыстық істің оқиғасы былай басталып, ақыры мынадай болды.
Т.Далиева өзінің заңды некедегі жұбайы Дарханмен араларында отбасылық келіспеушіліктен туындаған жеке бас араздықтың салдарынан адам өлтіру, яғни алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобын құрып, басқа адамға құқыққа қарсы қасақана қаза келтіру қылмысын ұйымдастыру қылмыстық пиғылы пайда болған.
Осы қылмыстық пиғылын жүзеге асыру мақсатында, Т.Дариева 2012 жылдың қаңтар-наурыз айларында жиен інісі Е.Өмірзақовқа өзінің адам өлтіруге бағытталған қылмыстық пиғылын жеткізіп, оны жүзеге асыратын жалдамалы адам тауып беруін сұранған.
2012 жылдың наурыз айында Е.Өмірзақов өзінің ауылдасы З.Тілеубергеновке жолығып, әпкесі Т.Далиеваның жұбайы Дарханды өлтіру керектігін айтып, осы қылмысқа З.Тілеубергеновты көндірген.
З.Тілеубергенов Е.Өмірзақовтың азғыруымен Дарханды өлтіруге келісіп және осы заңсыз әрекеті үшін қызмет ақысы ретінде 1 000 000 (бір миллион) теңге сұраған. Е.Өмірзақов мұны Т.Далиеваға жеткізген. Тахмина аталған соманы беруге дайын екенін айтып, Дарханның тұрғылықты жері мен фотосуретін беріп, өлтіруге тапсырыс жасап, өзара қылмыстық келісімге келген.
2012 жылғы 17 сәуір күні З.Тілеубергенов Т.Далиеваның тапсырысын орындау үшін қылмыстық пиғылмен адам өлтіру, яғни алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы құрамында әрекет етіп, жалданып басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату мақсатында, Шымкент қаласындағы «Жібек жолы» көшесінің бойында орналасқан «Атлант» сауда орталығының жанында тұратын жәбірленушінің мекен-жайына келіп, алдын-ала келетін уақытын біліп, күтіп отырған.
Сол күні кешкі 21:00 сағат шамасында Дарханның жұмыстан қайтып келе жатқанын көріп, өзімен алдын ала дайындап алып келген пышақпен, оның кеуде тұсының оң жақ беткейінен, бес рет соққы беріп, оның ішкі ағзаларын қатты зақымдап, құқыққа қарсы қасақана қаза келтіріп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Осы оқиғадан кейін маусым айында Шымкентте «Колос» ықшам ауданы маңында Т.Далиева Е.Өмірзақов арқылы тапсырысты орындағаны үшін деп, З.Тілеубергеновке қызмет ақысы ретінде 7 000 АҚШ долларын берген.
Осылай, полковник Абылай Қайсенов сегіз жыл бойы ашылмай жатқан қылмысты ашып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын аяқтап, істі бүге-шігесіне дейін дәйекті түрде зерттеп және айыпталушы Т.Далиеваның, Е.Өмірзақовтың, З.Тілеубергеновтың қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттері мен жасаған кінәларын олардың тергеу барысында жинақталған жауаптарында көрсетіп және ешбір күмән келтірмейтін объективті әрі нақты деректер жиынтығымен толық дәлелдеп, сотқа жіберді.
Соның нәтижесінде, сот З.Тілеубергеновты он алты жылға, Т.Далиеваны он төрт жылға, ал Е.Өмірзақовты жеті жыл мерзімге соттады. Соттың осы үкіміне қатысты ешқандай шағым берілген жоқ.
Қылмыстың түбі – құрдым дегендей, бұл жолғы жаза сегіз жылға кешіккенімен, қылмыскерлер жазадан құтылмады.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі