Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-06-10 10:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 86
Бүгінде сақал өсіріп, балақ қысқартқан, бастан-аяқ қара киініп, тұмшаланып алған кейбір жастарды көргенде аса таңырқамайтын болдық. «Өзінің ұстанымы ғой» дейміз де қоямыз. Алайда кейбіреулерінің жат ағымға еріп, отбасымен, туыстарымен, қоғаммен түсінісе алмай жүргені туралы естігенде «апыр-ай...» деп ойланып қаламыз. Осы орайда «Еліміздегі діни ахуал қандай? Тиісті мемлекеттік құрылымдар бұл бағыттағы жұмысты жеткілікті деңгейде атқарып жатыр ма?» деген заңды сауалдың туындайтыны рас. Шымкент қалалық дін істері басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаевты (суретте) біз осы тақырыпта әңгімеге тарттық.
– Бақтияр Әлтайұлы, мегаполисіміздегі қазіргі діни ахуал туралы айтып берсеңіз. Сіз басқарып отырған басқарма қандай жұмыстармен айналысуда?
– 2011 жылы қабылданған «Діни бірлестіктер туралы» Заңдағы нормалар бойынша біз 5 бағытта жұмыс істейміз. Олар: ақпараттық түсіндіру жұмыстары, дәстүрлі дінге бейімдеу, адасып жүргендерді ортаға тарту, жастарды қамту және миссионерлермен жұмыс. Дін істері басқармасының негізгі міндеті – жат ағымда адасып жүргендерді қоғамдық құндылықтарға бейімдеу, бетін дәстүрлі дінге қарай бұру, оларды ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен қамту болып табылады.
Жалпы, Шымкентте еліміздегі 18 діни конфессияның 12-сі тіркелген. Осы конфессияларға қарасты 33 діни бірлестік бар. 32-сі – католиктер, православтар, иеговашылар және басқа діни бірлестіктер. Бәрі заңды тіркелген. Одан бөлек 8 жеке миссионер бар. Олар өз жұмысын бізде тіркеуден өткесін барып жүргізеді. Конституциямызда «азаматтардың діни ұстанымына ешқандай шектеу қойылмайды, барлығына теңдей мүмкіндік беріледі» деп бекітілген. Дегенмен бәріне теңдей мүмкіндік берілген деп діни бірлестіктерді босаңсытып, жайбарақат жіберіп қоюға да болмайды. Себебі қоғамда жастардың миын, сана-сезімін улап жүрген кейбір діни ағымдар да жоқ емес.
– Өзіңіз айтқан жат ағымда адасып жүргендерді қоғамдық құндылықтарға бейімдеу, бетін дәстүрлі дінге қарай бұру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
– Ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дініміз - Әбу Ханифа мазхабы. Шымкентте 97 мешіт, ҚМДБ өкілдігінің бас имамы, қаланың бес ауданының бас имамдары бар, жалпы 300-ге жуық имам қызмет атқарады. Олардың бәрі діни сауатты, университеттерде, шетелдердің жоғары діни оқу орындарында білім алған, «Нұр-Мүбәрак» университетін бітірген.
Жат ағымда жүргендер де қаламыздағы мешіттерге барып, бес уақыт намазын оқиды. Оларды мешіт арқылы қадағалап отыруға мүмкіндік бар, тұрақты мониторинг жүргізіледі. Өзіміздің басқарма жанындағы дін мәселелерін зерттеу орталығында теолог мамандар, психологтар бар, біз солардың әлеуетін пайдаланамыз. Мешіттерде, шіркеулерде уағызы дұрыс-бұрыстығына мониторинг жүргізіледі. Қате айтып жатқан жоқ па, келушілермен қалай тығыз байланысып жұмыс істеп жатыр, жат ағымға кетіп жатқан адамдар жоқ па – осының бәріне біз тиісті талдау жасап отырамыз.
– Жат ағымның жетегінде кеткендердің санын атай аламыз ба?
– Үш жылдың мониторинг талдауын алар болсақ, деструктивті діни ағымда жүргендер, соның жақтаушылары бізде 1 мың адамның көлемінде. Бұл сан жылдан-жылға төмендеп келе жатыр.
Деструктивті ағымда жүргендер туралы мәліметті қаладағы құзырлы органдардан алып, сол тізіммен жұмыс жүргіземіз. Олардың жартысына жуығы қоғамдық құндылықтарға бейімделеді, 10-12 пайызы дәстүрді дінімізге бет бұрады.
– Ұстанымы күмәнді, айрықша назарда тұрғандары бар ма?
– Тым радикалдық бағытқа кетіп қалғандар жұқпалы ауруларға арналған вакциналарды алуға қарсы, балаларын мемлекеттік мектепке жібермейді. Жеке мектепке тіркетіп қойып, шетелде оқытатындар да бар. Шетелде жүрген сондай 26 студенттің ата-аналарымен кездесіп, сөйлесеміз. «Жусан» гуманитарлық операциясы бойынша Сириядан кері қайтарылғандарды назарда ұстаймыз. Күйеуі, әке-шешесі сол жақта бақилық болған 19 әйел бар, солармен жұмыс жүргіземіз. Өкінішке қарай, кейбір қарадомалақ ұлдар мен қаракөз қыздар сондайлардың жетегіне еріп кетуде.
- Осы адасулардың басты себебі неде деп ойлайсыз?
- Бүгінде жат ағымға кіріп кеткен кейбір жастар өзінің әке-шешесімен сөйлеспейтін жағдайға келді, бір дастарханда отырмайды, анасының жасап берген тамағын ішпейді. Негізі дәстүрлі дінде бала намазды балиғат жасына жеткеннен кейін оқиды. Алдымен мектепте берілетін білімді меңгеріп алып, дінге сосын бет бұрса да болар. Бірақ бізде дінге бет бұрған кей жастар тежеле алмай, радикалды бағытқа кетіп қалып жатады. Біз бәріміз - балалар да, жастар да, орта буын, ересектер де ақпаратты интернеттен қараймыз. Осыны пайдаланған деструктивті ағымды ұстанғандар интернет уағыздарын барынша күшейтеді. Небір сайттар, уағызшылар, «әулиелер» бар. Ізденіп, қызығушылығы артқан балаға олардың айтқаны дұрыс сияқты болып көрініп, батпағына бата береді. Әлгіндейлер интернетке кіреді де, олармен сөйлеседі, «ақылын» айтады, баланы әңгімеге тартады. Бала әке-шешесімен дұрыс қарым-қатынаста болмауы, қаржылық қиындықта жүруі, не жұмыссыздық, не болмаса өзінің сүйіктісімен ұрысып қалған болуы мүмкін. Уақытша эмоцияның жетегінде жүріп, қайдан қолдау боларын білмей жүрген баланың әлсіз сәтін әлгі уағызшылар сәтті пайдаланып, өзіне тарта береді. Сөйтеді де оларды өз әке-шешесінен те жақын адам көреді. Бұл жерде ата-ананың да кінәсі бар. Әкесінің беріп жатқан тәрбиесі, сіңіріп жатқан имани қасиеті болмағасын интернетте, шетелде отырған уағызшы осыны барынша тиімді пайдалануға тырысады.
- Алған бетінен қайтару үшін адасушыға қандай жайлар түсіндіріледі? Теріс ағымдағы әрекеттеріне байланысты сотталғандар бар ма? Жалпы, осындай жат ағымдардың шырмауына түспес үшін не істеген дұрыс?
- Біздің даярлаған мамандар, психологтар – діни сауатты, құранды жатқа біледі. Мысалы, мен құранды жатқа білмеймін, кей сүрелерін ғана білем. Маған қарама-қарсы теолог отырады да, әлгіндей баламен сөйлескен кезде оның қай жерде қате басқанын бірден анықтайды. Сосын: «Айналайын, сенің мынау ұстанымың дұрыс емес, мұнда былай деп жазылған», - деп, болмаса «біздің ата-бабамыздың жүрген жолы мынау» деп үгіт-насихат айтады, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ол – бір. Екіншіден, зайырлы мемлекетімізде барлық іс-әрекет Ата заң, Қылмыстық, Азаматтық, Әкімшілік құқық бұзушылық Кодекстері, басқа да заңдар арқылы реттеледі.
Бүгінде жазасын өтеу мекемелерінде теріс ағымдағы түрлі әрекетіне байланысты 72 жас азамат жатыр. Оның ішінде кейбірі білместікпен ұрынып, бармағын тістеп отыр. Ақпаратты интернеттен алды да, сол дұрыс екен ғой деп уатсап немесе әлеуметтік желі арқылы бөлісті. Ал Қылмыстық Кодекстің сондай нәрсені таратқаны үшін, ұлтаралық қақтығысқа, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірген іс-әрекеті үшін жауапқа тартатын 256-дан 259-ға дейінгі баптары бар. Экстремизмді, терроризмді насихаттағаны үшін алды 20 жылға дейін сотталғандар жазасын өтеуде.
Деструктивті ағымдағылардың барлығы түрмеде отыр деп айта алмаймыз, қоғам ортасында жүргендер де бар. Солар жастарды өзіне тартып, қатарын көбейтуге тырысады. Олардың уағызын тыңдап, жетегіне еріп, айтқандарын әлеуметтік желіде бөлісетін болса, заң алдында жауап беруіне тура келеді. Жат ағымға ерген адам алданып қана қоймай, жақындарынан, қоғамнан да бөлініп қалады. Тіпті, өз ата-анасымен араласпайды, қоғамда достары қалмайды. Бірақ, бұл жат ағымдағыларға түбегейлі тұсау болып отырған жоқ. Байқасаңыз, кей отбасылар атасы, баласы, немересі болып үш ұрпаққа дейін радикалды ортаға кетіп қалған. Солармен жұмысты күшейтуіміз, ол туралы БАҚ-тарда жиі айтуымыз қажет.
Дінге қызығушылығы бар адам өзіне қажетті мәліметті тек ресми сайттардан немесе мешіттердегі имамдардан алғаны дұрыс. Намаз оқып, құран жаттағысы келетіндер үшін қарилар дайындайтын арнайы орталықтар жұмыс істейді. ҚМДБ жергілікті уәкілетті өкілдіктерінің имамдары арқылы олардың бәрін қадағалап отырады.
- Діни білім алғысы келетіндер қандай оқу орындарында оқыса болады?
- Пәлен жерге барып оқы демейміз, бірақ бағытын көрсетеміз. Қалада мешіттер, діни медреселер бар, соларға барып, бас имамдардан сұрасын. Құран жаттау орталықтары, жаз кезінде сауат ашатын медреселер, сауат ашу курстары бар. Оқу орындарына келер болсақ, елімізде «Нұр-Мүбәрак», «Еуразия», Халықаралық қазақ-түрік университеттерінде дін саласының мамандарын дайындайды. Қаламызда ұлдар мен қыздарды бөлек ғимараттарда оқытатын «Шымкент» медресе колледжі жұмыс істейді. Ол қалалық білім басқармасына бағынышты болғанымен, діни білім мәселесінде дін істері жөніндегі басқармаға қарайды. Балаларына құран үйреткісі келген ата-аналар перзенттерін «Солтүстік» шағынауданындағы «Ықылас» қарилар даярлайтын медреседе оқытса болады.
Шетелге барып, діни білім аламын дейтіндер қажетті ақпаратты мүфтият арқылы, «Мүфтият.кз» сияқты ресми сайттардан алуына болады. Біздің басқарманың өз сайты бар, одан да қажетті ақпараттар алуға болады. Абай болу керек, тек қана ресми сайттарға жүгінген жөн. Кейбір бұрыс бағыттағы сайттарға кіріп кетсе, адам адасқанын өзі де байқамай қалады. Ал білместікті заң кешірмейді.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Д. ОРАЗ.