Қазақстан егемен ел болып, етек-жеңін жинап, алпауыт мемлекеттермен терезесін теңестіргеніне 35 жыл толады. Осы уақыт аралығында елімізде айтарлықтай өзгерістер орын алды. Соның бірі — 8 жыл бұрын Түркістан облысының құрылғаны айтулы оқиға болғаны анық. Бұл көп уақыт емес. Бірақ осы қысқа мерзім ішінде өңірде ауқымды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, экономиканың негізгі салаларында тұрақты өсім қалыптасқан.
Мемлекет басшысының қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңның қабылдануы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, инвестициялық тартымдылығын арттырды. Соның айғағы болса керек, соңғы 8 жылда облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 3 есеге өсіп, 5 трлн теңгеге жетті. Ал, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1,7 трлн теңгені құраған болатын.
Өңірдің өнеркәсіп саласында да оң динамика қалыптасты. Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке жүгінсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн 596,1 млрд теңгеге жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 3,6 есеге артты. 2018 жылы өңірде 438,6 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында биыл жалпы құны 34,7 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар аясында 703 жаңа жұмыс орны құрылады. Осы жылдың алғашқы 6 айында жалпы құны 11,2 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылып, 278 жаңа жұмыс орны ашылды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауымен өңір экономикасын әртараптандыру, өндіріс орындарын көбейту және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бағытта өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға және индустриялық әлеуетті арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Бүгінде өңірде жалпы аумағы 1 931 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ құрылған. Аталған индустриялық аймақтарда жалпы құны 60,8 млрд теңгені құрайтын 55 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 3 073 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар алдағы кезеңде жалпы құны 96,4 млрд теңгені құрайтын тағы 47 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде қосымша 2 791 жаңа жұмыс орны құрылады.
Индустриялық аймақтарға жаңа өндірістерді орналастыру жұмыстары да жалғасуда. Биыл өңірлік үйлестіру кеңесі жалпы құны 21,1 млрд теңгені құрайтын және 519 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 12 жаңа инвестициялық жобаға оң қорытынды берді. Өңір аумағында жалпы көлемі 3 603,3 гектарды құрайтын, 10 субзонадан тұратын арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Оның 1 450 гектары өндірістік аймақ ретінде белгіленген. Қазіргі таңда «TURAN» арнайы экономикалық аймағының өнеркәсіптік субзоналарында жалпы құны 875,3 млрд теңгені құрайтын 37 өнеркәсіптік жоба қатысушы ретінде тіркелген.
Облыста шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында өндірістік алаңдарды дамыту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қолдауымен Сауран ауданының Шаға ауылында шағын өнеркәсіптік аймақ құрылды. Өндірістік парк аумағында 40 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталып, жалпы инвестиция көлемі 136,3 млрд теңгені құрайтын 32 жоба жүзеге асырылды. Аталған өндірістік алаңда ауыл шаруашылығы техникаларын, аспалы жабдықтарды, жаңбырлатып суару машиналарын, металл бұйымдарын, тамшылатып суару жүйелерін, полиэтилен пакеттерін және өзге де өнеркәсіптік өнімдерді өндіретін кәсіпорындар орналасқан.
Түркістан облысында өнеркәсіп саласын дамыту, инвестиция тарту және жаңа өндірістер ашу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Бұл шаралар өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Әрине, мұның барлығы жергілікті атқарушы орган тарапынан атқарылған ұтымды ұйымдастыру мен жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалардың, еңбек адамдарының майдай терімен, еркін бәсекелестіктің нәтижесінде жүзеге асып жатқаны анық. Жақсы іс жалғасын таба берсін.



