Еліміздің азаматтары арасында отансүйгіштік қасиетті арттыру, патриотизмді ұштау, өзара сенім мен жауаптылық, әділдік, ынтымақ пен бірлік құндылықтарын дәріптеу – бүгінгі күннің маңызды бағыттарының бірі. Елдікке бастайтын осындай құндылықтар халықты бір мақсатқа біріктіріп, жұмылдырады, ол арқылы азаматтардың өз еліне деген құрметі артады. Бұл – мемлекеттегі ішкі тұрақтылықтың кепілі.
Мұндай игі істер тоғыз жолдың торабында жатқан Арыс қаласында да жүйелі түрде атқарылып тұрады. Қала мен оған қарасты елді мекендерде бүгінде 70 мыңнан астам халық бар, бірнеше ұлт өкілдері ынтымақ-бірлігі жарасып бірге тұрып жатыр. Олар шаһарда ұйымдастырылатын түрлі іс-шараларға бір кісідей атсалысады. Кешегі күні қала әкімдігінде ішкі саясат бөлімінің және «Руханият орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен осындай бір келелі жиын өтті. Ол «18 қазан – Рухани келісім күні» мерекесіне орай ұйымдастырылды.
Жиынға Арыс қаласы әкімінің орынбасары Р.Айтбаев, ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері, қала мен ауылдағы мешіт имамдары, жергілікті православиелік діни бірлестік өкілдері, қаламыздағы этно-мәдени орталық жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты. Басқосуда қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев құттықтау сөз сөйледі. «Қоғам дамуының, алға ілгерілеуінің басты негізі – тұрақтылық. «Отаны бірдің жүрегі бір, жүрегі бірдің тілегі бір» дегендей, ортақ мекенімізде ортақ тіл табысып, әдемі жарасыммен өмір сүру ниетінен, ауызбіршіліктен айныған кездеріңіз жоқ. Бүгінгі шарада баршаңызға алғысымды жеткізіп, алдағы жұмыстарыңызға сәттіліктер тілеймін», — деді Рысдәулет Пайланұлы.
Жиында бірқатар діни бірлестік өкілдері қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды, оларға бағалы сый-сияпат жасалды.
Кездесуде Арыс қаласының бас имамы Абдулкамал Абдулкарим, жергілікті православиелік діни бірлестік өкілі, славян этно-мәдени орталығының жетекшісі Любовь Шолгина рухани келісімді сақтау, әсіресе, жастарға үлгі ету төңірегіндегі өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Алда, яғни 25 қазанда еліміздің барша халқына ортақ ұлттық мерекеміз – Республика күні келе жатыр. Бұл мерекені де арыстықтар жоғары көңіл-күйде атап өтері сөзсіз. Бүгінде тиісті іс-шаралардың дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жұртшылық қатысатын мұндай мерекелер қазақстандықтар арасында патриоттық сезімнің артуына қызмет етері анық.
Бүгінгі және алдағы мерекелер құтты болсын, еліміз бейбіт күнде өркендеп өсе берсін, жанды жадырататын жасампаз істер, жағымды жаңалықтар көп болсын дейміз.
Д. ЫСҚАҚ.



