АСТАНА.KAZINFORM — Ауа температурасының жоғарылауына байланысты Түркістан облысындағы цементбетон жолдарға мониторинг күшейтілді. Бұл туралы ҚазАвтоЖол хабарлады.
Республикалық маңызы бар KAZ 06 автомобиль жолының Шымкент қаласы бағыты бойынша 2244-шақырымында жол жабынының ықтимал температуралық деформациясының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар басталды. Мамандар аптап ыстық кезінде цементбетон плиталарындағы ішкі кернеуді төмендету мақсатында технологиялық жіктерді кесу және өзге де қажетті шараларды жүргізіп жатыр.
Жұмысқа 7 маман және 4 бірлік жол техникасы жұмылдырылған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында учаскеде уақытша жол белгілері орнатылды. Жол қызметтері өңірдегі цементбетон жабындысы бар автожол учаскелерін патрульдеу мен олардың жай-күйіне мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр.



