Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
26.08.2026

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТАҒЫ ДА БІРІНШІ ОРЫНДА

Түркістан облысында 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жоспар толық орындалды, өңір экономикасының тұрақты өсімі қамтамасыз етілді. Қысқамерзімді экономикалық өсім 124,1 пайызды құрады. Яғни бұл көрсеткіш бойынша облысымыз республикада бірінші орынға ие болды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі мынадай деректер келтіреді: Экономикалық өсімге өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс және сауда салаларындағы жоғары көрсеткіштер айтарлықтай серпін берді. Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 1 триллион теңгеден асты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 130,4 пайыз болды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде 502,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 146,2 пайызды құрады. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 444 миллиард теңгеге жетіп, өсім 119,1 пайыз деңгейінде қалыптасты. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 457,8 миллиард теңгені құрап, өсім қарқыны 111,1 пайызға жетті. Оның ішінде, мал шаруашылығында 321,6 миллиард теңгенің, өсімдік шаруашылығында 130 миллиард теңгенің өнімі өндірілді.

Өңір экономикасының орнықты дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі – инвестициялық белсенділіктің артуы. Жыл басынан бері негізгі капиталға 1 триллион теңгеден астам инвестиция бағытталды, өсім 137,5 пайызды құрады. Бұл облыстың инвестициялық әлеуетінің жоғары екенін және жаңа өндірістер мен жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай қалыптасқанын көрсетеді. Сауда саласында да тұрақты өсім байқалды. Сауда көлемі 587,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 124,7 пайызға артты. Оның ішінде бөлшек сауда көлемі 283,2 миллиард, көтерме сауда 298,1 миллиард теңгені құрады.

Құрылыс саласында атқарылған жұмыстардың көлемі 361,9 миллиард теңгеге жетіп, өсім 125,7 пайыз болды. Есепті кезеңде 553,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,8 пайыз өсімді көрсетті. Көлік және қоймалау қызметтерінің жалпы көлемі 183,1 миллиард теңгеге жетіп, өсім 112,7 пайызды құрады. Байланыс қызметтері саласындағы қызмет көлемі 7,6 миллиард теңгені құрап, өсім 110,2 пайызға жетті.

Жалпы, 2026 жылдың алғашқы 7 айындағы көрсеткіштер Түркістан облысының экономикасы тұрақты өсіп жатқанын көрсетеді. Алдағы кезеңде негізгі міндет – қол жеткізілген оң динамиканы сақтап, экономиканы әртараптандыру, инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдету, жаңа өндіріс орындарын ашу, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру.

 

Х. АСАН.

 

 

 

 

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар