Түркістан облысында көптеген ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл іске Мақтаарал ауданы да өз үлесін қосуда. Кешегі күні аудан әкімі Бақыт Асанов өңірдегі арнайы экономикалық аймақта іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысымен танысты. Бұл жобалар 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылады. Сөйтіп аудан экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын қалыптастыруға және өңірдегі инвестициялық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Жобалардың бірі Жамбыл ауылдық округінде жүзеге асырылуда. 100 гектар аумақты қамтитын, жалпы құны 104,2 миллиард теңгені құрайтын 5 ірі өндірістік жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олар толық іске қосылғанда 845 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Жаңа жобалардың қатарында мақта өңдеу, металл өндірісі, индустриялық инфрақұрылым, балық жемі өндірісі сияқты бірнеше бағыт қамтылған. Мәселен, «Мақтаарал Xing Feng» компаниясы мақта және мақта майын өңдеу зауытын іске қосуды жоспарлауда. «Ханья Холдинг» ЖШС индустриялық парк құрылысын жүзеге асыруды көздеп отыр. Ол жаңа өндірістерді орналастыруға қажетті инфрақұрылым қалыптастырып, алдағы уақытта аймаққа жаңа инвесторларды тартуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналмақ. Ал «БНК ГРУП» серіктестігі өндіріске қажетті броунфилд салу жобасын іске асырады. Бұл жоба өндірістік инфрақұрылымды тиімді пайдалануға бағытталып, өндірістік қуаттарды орналастыру мүмкіндігін кеңейтеді. «ҚАЗ ПРО ТЕМИР» ЖШС мырышталған болат өндірісін қолға алмақ. Металл өнімдерін өндіру бағытындағы бұл жоба құрылыс және басқа да өндірістік салалар үшін қажетті отандық өнім көлемін арттыруға ықпал етеді. «Kaz Aqua Jem» серіктестігі жәндіктер протеиніне негізделген аквомәдениетке арналған жем өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Заманауи технологияға негізделген бұл жоба ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа өндірістік бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі өндірістік жобалардың жүзеге асырылу барысына ерекше назар аударды, инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде іске қосудың маңыздылығын атап өтті. Ол жобаларды сүйемелдеу, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу және инвесторларға қажетті қолдауды көрсету бойынша жауапты сала мамандарына тиісті тапсырмалар берді.



