Қазақстанда елді мекендерді газбен қамтамасыз ету деңгейі 64,2 пайызға жеткен. Табиғи газ қолжетімді халық саны 13,1 миллион адамға жетті. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында айтты деп хабарлайды «KAZINFORM».
Отырыста ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету ұзақмерзімді жоспарлау, ресурстық базаны кеңейту және стратегиялық жобаларды уақтылы жүзеге асыру қажеттігі айтылды.
— Мемлекет басшысы экономиканың орнықты дамуы үшін заманауи энергетикалық инфрақұрылым, ішкі нарықты энергия ресурстарымен сенімді түрде қамтамасыз ету және стратегиялық инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыру қажет екенін әрдайым атап көрсетеді. Бұл міндеттер толығымен газ саласына да қатысты. Себебі ішкі тұтыну көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Өткен жылы 20 миллиард текше метрге жетті, — деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов биыл 24 маусымда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылғанын еске салды. Елді газдандыру 2035 жылға дейінгі газдандырудың бас схемасы шеңберінде жүзеге асырылады.
Тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту мақсатында екі негізгі құжат бекітілді. Олар — ҚР газ саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары және 2035 жылға дейінгі көмірсутек шикізатының жаңа перспективалы кен орындарын игеру жоспары.
Аталған құжаттардың негізгі мақсаты — мұнай мен газдың жаңа кен орындарын кезең-кезеңімен игерудің тиімді тетігін қалыптастыру, көмірсутек ресурстық базасын тұрақты ұлғайту және экономика мен халықтың табиғи газға өсіп отырған қажеттілігін қамтамасыз ету.
— Жоспар аясында 30 жер қойнауы учаскесі қарастырылған. Бүгінгі таңда QazaqGaz компаниясымен 9 келісімшарт жасалды. Оның ішінде 6 жоба барлау сатысында, ал 3 жоба өндіру сатысында. 2023-2025 жылдары «QazaqGaz» және «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компанияларымен Анабай, Барханная, Рожковское және Западная Прорва кен орындары өнеркәсіптік игеруге енгізілді. Сонымен қатар 2027 жылы Западная Прорва кен орнының екінші іске қосу кешенін және Малдыбай, Придорожное, Урихтау кен орындарын пайдалануға беру жоспарланып отыр, — деді министр.
…Осы күні Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында газ саласын дамыту бойынша бірқатар міндет жүктеді. Ол геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруды, газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуді және елді мекендерді газдандыру қарқынын арттыруды тапсырды.
Премьер-министрдің айтуынша, геологиялық барлау жұмыстарын дамыту газ саласының ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, жаңа перспективалы учаскелерді геологиялық зерттеу жұмыстарына тартуды жеделдету міндеті қойылды.
Сонымен қатар Үкімет басшысы газ тасымалдау жүйесін дамытудың маңыздылығына да тоқталды. Оның сөзінше, Бейнеу–Бозой–Шымкент газ құбырының екінші желісі мен Есіл–Астана жаңа газ құбырын салу жобалары стратегиялық мәнге ие.
Бұл жобалар Астана қаласын, оңтүстік және солтүстік өңірлерді газбен қамтуды жақсартып, өнеркәсіптің дамуына серпін береді және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырады.
Бүгінде Қазақстан халқының шамамен 65 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Мемлекет басшысы газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу жөнінде міндет қойған.
Премьер-министр өңір әкімдіктеріне магистральдық инфрақұрылым нысандарын іске қосу мерзімдерін жергілікті газ тарату жүйелерінің дайындығымен үйлестіруді тапсырды.
— Тиімділіктің басты көрсеткіші тартылған құбырлардың ұзындығы ғана емес, үйлерінде газ пайда болып, желіге нақты қосылған абоненттер саны болуы тиіс, — деді Олжас Бектенов.
Үкімет отырысында газ саласын цифрландыру мәселесі де қаралды. Премьер-министр Жасанды интеллект министрлігіне Энергетика министрлігімен бірлесіп, газды есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасын құруды тапсырды.
Сондай-ақ сұйытылған мұнай газы нарығындағы жағдайға назар аударылды.
Энергетика министрлігіне «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, бір ай ішінде сұйытылған газ өндіру көлемін арттыру жоспарын әзірлеу міндеті жүктелді.



