Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
11.09.2026

ӨНДІРІС ҚАРҚЫНЫ КҮШЕЙІП КЕЛЕДІ

Ордабасы ауданы Жаңа өнеркәсіптік саясатты дамытып, еліміздің берік өнеркәсіптік қалқанын қалыптастыруда маңызды қадамдар жасауда. Аймақта өңдеу саласы жақсы жолға қойылған. Олардың негізгі шоғырланған аумағы – Бадам ауыл округіндегі индустриялық аймақ болып саналады. Мұнда бүгінде бірқатар зауыт тұрақты жұмыс істеп, жаңа кәсіпорындардың қатары да толығуда. Өндірістік алаңның аумағын кеңейту бағытында жұмыстар жүргізіліп, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашылуда.

Аудан әкімі Азат Оралбаев Бадам ауыл округіндегі индустриялық аймақтағы бірқатар нысандарды аралап, қолға алынған жобалардың барысын көрді. Алдымен «Nur group» ЖШС-нің алюминий композиттік панельдер өндіру жобасы таныстырылды. «Алюкобонд» шығару арқылы құрылыс саласына қажетті өнімді жергілікті жерде өндіру көзделген. Сондай-ақ «Grand Pro» ЖШС-нің жиһаз өндірісін құру жұмыстары қаралды. Жобаға 1,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 100 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Өндіріс 2 гектар аумақта орналасады. «Югстройтехнология» ЖШС газобетон блоктары мен ішкі қабырға плиталарын шығаратын кәсіпорын құруда. Мұнда 2,2 млрд теңге инвестиция салынып, 80 жаңа жұмыс орны ашылады. Жылдық қуаты – 300 мың текше метр өнім. Жоба 4 гектар аумақта жүзеге асырылуда.

Бұдан бөлек, «AMG Park» ЖШС балалар ойын алаңшаларын жинау өндірісін іске қосқан. Кәсіпорынға 400 млн теңге инвестиция салынып, 26 адам жұмыспен қамтылған. Өндірістік қуаты – жылына 1000 дана өнім.

Аудан әкімі нысандарды аралау барысында жұмыстардың қарқыны мен сапасына назар аударып, жобалардың белгіленген мерзімде іске қосылуын талап етті. «Индустриялық аймаққа тартылған әр инвестиция нақты нәтижеге айналуы керек. Басталған жұмысты созбалаңға салмай, сапалы аяқтап, кәсіпорындарды толық қуатында іске қосу қажет. Негізгі көрсеткіш – өндірілген өнім мен ашылған жұмыс орны», – деді аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы.

Бадамдағы индустриялық аймақтың кеңеюі ауданның өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Ендігі міндет – басталған жобаларды сапалы аяқтап, кәсіпорындарды белгіленген мерзімде іске қосу және әр инвестицияның нақты нәтижесін қамтамасыз ету.

Жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар