Бақылау тиянақты болса сапа да жоғары болады. Осыны жіті түсінген Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев жуырда аудан аумағында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан өндірістік алаңдарды аралап, нысандардың қазіргі жай-күйімен танысты. Ауданда отандық кәсіпкерлікті дамыту мақсатында өндірістік парк құру үшін жалпы көлемі 33,5 гектар жер учаскесі белгіленіп, қазіргі таңда төрт аумақта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Өндірістік алаңдарды дамыту – жаңа кәсіпкерлік нысандарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды жобалардың бірі.
Аудан басшысы алдымен Т. Рысқұлов ауылының маңындағы көлемі 3,8 гектар өндірістік алаңға барды. Мұнда 8 өндірістік нысанды орналастыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 6 кәсіпкерге 0,25 гектардан жер телімі бөлініп берілген. Қазіргі уақытта үш нысанның құрылысы толық аяқталған. Тағы үш нысанның шатыры жабылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 46 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Құрылыстың жалпы алаңы – 3008 шаршы метр. Өндірістік алаң электр желісі және ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар электр желісі, ауыз су, автожол және табиғи газ құбырларын тарту жұмыстары сметалық құжаттамаға сәйкес аудандық бюджет қаражаты есебінен жүргізілуде.
Аталған өндірістік алаңда сантехника және қазандық өңдеу, пластик өнімдерін өндіру, дәнекерлеу және темір бұйымдарын жасау, жиһаз өндіру, сондай-ақ көлік құралдарына қажетті жабдықтар шығару цехтарын орналастыру жоспарлануда.
Бұдан кейін аудан әкімі Машат ауылдық округіндегі өндірістік алаңның жұмысымен танысты. Мұнда көлемі 18,7 гектар жер учаскесі белгіленіп, 5 кәсіпкерге жалпы 3 гектар жер бөлініп берілген. Қазіргі таңда әрқайсысының көлемі 1875 шаршы метр болатын 5 мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде. Жобалар іске қосылғаннан кейін 50 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Құрылыстың жалпы алаңы – 4500 шаршы метр. Өндірістік алаң электр желісі және ауыз сумен қамтамасыз етілген. Автожолға шағал тас төселген. Аудан басшысы жұмыс сапасын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, құрылыс барысында тиісті талаптардың сақталуын тапсырды.
А.Естібаев Тастұмсық ауылдық округіндегі өндіріс алаңы жұмысымен де танысты. Мұнда өндірістік бағыттағы нысандарды орналастыру мақсатында 1 гектар жер телімі белгіленіп, 4 кәсіпкерге 0,15 гектардан жер бөлініп берілген. Бүгінгі таңда әрқайсысының көлемі 60 шаршы метр болатын 4 жүк көлігіне қызмет көрсету орнының құрылысы толық аяқталды. Нысандарды іске қосу арқылы 8 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өндірістік алаңды аралау барысында аудан әкімі нысандардың құрылыс сапасына мән беріп, жұмыстарды белгіленген талаптарға сәйкес жүргізуді және нысандарды уақытылы іске қосуды тапсырды.
Келесі кезекте Балықты ауылдық округіндегі өндірістік алаңдар назарға алынды. Мұнда көлемі 10 гектар жер көлемі белгіленіп, 10 кәсіпкерге 0,95 гектардан жер бөлініп берілген. Бүгінде әрқайсысының көлемі 460 шаршы метр болатын 10 мал бордақылау бекетінің құрылысы аяқталған. Қазіргі уақытта нысандарды іске қосуға қажетті ішкі жұмыстар жүргізілуде. Нысандар толық іске қосылғанда 20 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Құрылыстың жалпы алаңы – 4500 шаршы метр. Өндірістік алаң электр желісімен қамтамасыз етілген, автожолға шағал тас төселген. Ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су ұңғымасы қазылған.
Аудан әкімі Азаттық ауылында құрылысы жүргізіліп жатқан өндірістік алаңның жұмысын да аралады. Жалпы 6 гектар жерге өндірістік аймақ құру жоспарлануда. Мұнда 1,5 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңы, жем өндіру цехы мен қойма құрылысы, сондай-ақ ағаш және пластикалық бұйымдар өндіру цехтарын орналастыру көзделген.
Өндірістік алаңдарды аралау барысында аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты мамандар мен мердігерлерге құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беріп, нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.



