Халық талабы – әділ тексеру
Өткен 24 қыркүйекте әскери-теңіз күштерінің Каспийде болған оқу-жаттығуы кезінде орын алған қайғылы жағдай жұртты дүр сілкіндірді. Бір взводтың тең жартысын құрайтын сарбаздың – 14 боздақтың бірдей мерт болуы төбе шашты тік тұрғызардай болды. Әлеуметтік желілерде бұған қатысты ащы пікір білдіріп жатқандар әлі де көп.
«Бизнеске айналдырып жібергені қалай?»
Содан бері анық-қанығына көз жеткізу қиын көптеген уәждер айтылуда. Қайғыдан хайп жасағысы келген біреулер, тіпті, Мароккода болған оқиғаны қиып алып, «Баласын жоқтаған ана Каспий теңізінің жағасына барды» деп те адамның сай-сүйегін сырқыратты. Біреулер шындықты айтуға тырысса, енді біреулер болғанды да, болмағанды да айтып, отқа май құя түсті. Осының өзі қауіпті жай ғой, білгенге.
Ал мән-жайды білетін, көзі ашық азаматтардың сөздері сенім тудырады. Мысалы, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов өзінің парақшасында сарбаздардың әскери жабдығын барып көргенін жазды. Әскери теңіз жауынгерлеріне деп сатып алынған жилеттердің балықшыларға, азаматтық кемедегілерге арналған, бағасы 14 900 теңге тұратын жилет екенін көрген. Яғни былтырғы жылы ғана құрылған бір жеке кәсіпкер тендерде «жеңіске жетіп», арзандау жилеттер сатып ала салған екен. «Біздің балаларымыздың өміріне қатысты мәселені бизнеске айналдырып жібергені қалай?!» — деп ашынды қоғам қайраткері. Осындай қырсыздыққа әскери салада еш ойланбай, обал-сауаптан қорықпай жол беріп отырғандарға зығырданың қайнамағанда қайтеді, енді?
Адам қазасы қашанда ауыр. Әсіресе кеше ғана мектеп бітіріп, өмір бастауында тұрған, арман қуған, ата-анасының үміті мен сенімін арқалаған өрімдей жастардың өлімі кімнің де болса қабырғасын қайыстырады. Айдың-күннің аманында, бейбіт заманда осындай оқиғаның болуына жол берген адамдар анықталар, тиісті жазасын тартар, бірақ қапияда көз жұмған боздақтар енді бұл өмірге қайтып келмесі анық. Олар енді қатар-құрбысымен бірге жүрмейді, ата-анасын жетістігімен қуанта алмайды, сүйіктісін құшып, ұрпақ өрбітпейді, қоғамға қызмет ете алмайды. Ойласаң көкіректі өксік кернейтін, жүректі жаншыған неткен өкініш десеңізші!
«Ұрлау, жымқыру болмауы керек»
Бұл жағдай кімді де болса ойсыз қалдырмайды, толғандырады. Жұрт еліміздің қорғаныс саласында, әскерінде тәртіп пен сапа, басшыларда біліктілік пен жауапкершілік болуын қалайды. Осы орайда бүгінде жастарды патриотизмге тәрбиелеп жүрген азамат, Қарулы Күштер ардагерлері бірлестігі Шымкент қалалық филиалының, қаладағы ардагерлер қауымдастықтарының төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Онбаевтан (суретте) пікір білдіруін сұраған едік.

«Әскери жаттығу кезінде теңізшілерде суда құтқарушы жилеттері болуы тиіс. Ол жауынгерді судың бетінде ұстап, батып кетпеуін қамтамасыз етеді. Жилет берілмеген, оның үстіне әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы жаттығуда болмаған. Мұндайға жол берілмеуі керек еді.
Президентіміз Қарулы Күштер реформасының жасалуына үш бағыттық тапсырма берді. Комиссия тағайындалды, жан-жақты тексеру басталды.
Бөлінген қаражатты Қарулы Күштерді дамытуға толығымен жұмсау, оның басқа бағытта жұмсалуына жол берілмеуі тиіс. Ұрлау, жымқыру болмауы керек. Қауіпсіздік кеңес аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесе отырып реформа жүргізеді. Әскери реформаның жоспарын он күннің ішінде дайын ету міндеттелді. Мемлекет басшысы кадрларды таңдаған кезде ашық түрде бағалау жүргізілуі тиістігін ескертті. Командалық қызметке тағайындау кезінде лауазым иесінің еңбек тәжірибесі, жұмыс қабілеті ескерілуі керектігі айтылды. Яғни ол тек біреуге ұнағаннан тағайындалмауы керек. Жеке құрам арасында тәрбиелік және идеологиялық жұмысты жандандыру тапсырылды.
Жалпы, әскер – нағыз мамандарды даярлайтын мектеп, жан-жақты білімді патриоттарды дайындайтын орта болуы, армияда ең басты орында әскерилердің өмірі мен қауіпсіздігі тұруы тиіс. Еліміздің тыныштығын қамтамасыз етіп жатқан жауынгерлер үкіметтің толық қолдауы мен қамқорлығында болуы қажет. Әскери қызмет сарбаздарға қорқыныш пен үрей тудырмауы тиіс, олар батыр аталарымыз бен аналарымыздың өмір жолдары мен ерліктеріне бойларын түзеп, солар сияқты ел қорғауға дайын патриоттар болуы керек. Президент осының бәрін қадап тұрып айтты. Енді бұл салада көптеген жағымды өзгерістер болады деген сенім бар», — деді Серікбай Мейірбайұлы.
Иә, үміт күтейік. Әскерде бірдеңенің дұрыс емесі, кері кетіп жатқаны бұған дейін де сан мәрте айтылған, жазылған. Перзенті әскерде мерт болған аналар бірігіп Астанаға, Қорғаныс министрлігіне де барып, жанайқайын жеткізбекке тырысқан кезі де болды. Ол жанайқай еленбеген еді.
Әскерді тәртіпке салуды Арыста қару-жарақ жарылғанда, Шымкентте автоматтар ұрланғанда, түрлі әскери бөлімдерде өрімдей жас балалар өз қатар-құрдастарының қолынан зардап шегіп, мертігіп, мүгедектікке ұшыраған, қаза тапқан кездерде-ақ бастау керек еді. 2015 жылы Каспийдегі осындай жаттығу кезінде 4 бірдей сарбаздың қаза болғаны да есте. Сол кезде де үлкен мәселе көтеріліп, улап-шулап, бірақ ешқандай да нәтиже шықпаған еді.
Жақында «kz.kursiv.media» сайтында 2020 жылдан бастап биылғы жылдың сәуір айына дейін әскери қылмыстардан 1,4 мың адамның зардап шеккені, 47-сінің қаза тапқаны жөнінде дерек келтірілген болатын. Бас Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтеріне сәйкес, әскери қызметшілер жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтардан зардап шеккендердің саны жыл сайын 168-ден 241 адамға дейін өзгеріп отырған.
Осының бәрі жылдар бойы көтеріліп келе жатқан дабылдың жалғасы еді. Қорғаныс министріне журналистер әскердегі бейберекет тәртіпсіздікке, адам өліміне қатысты сұрақ қойғанда одан: «Әскерде әлімжеттік жоқ», «Да вы что?..» — деп таңқалған жауаптар алған. Осының бәрі жұрттың ашу-ызасын, сенімінің жоғалуын тудырып жатты. Әлеуметтік желілерде бұған қатысты мәселе көтерген азаматтарға қысым көрсетілді, әлі де қысым көрсетіліп жатыр. Ал олар осыны жетіскеннен айтатын ба еді? Бәрінің де әскер жасындағы баласы, бауыры бар, солардың аман болғанын, әскерде тәртіп орнауын қалайды емес пе? Ал базбіреулер жанайқайға құлақ асудың орнына мәселе көтерген адамның аузын жабумен айналысады. Осы дұрыс па? Жауырды жаба тоқудың, ауруды жасырғанның арты неге апаруы мүмкін екенін түсінбейтіндер, түсінгісі келмейтіндер арамызда әлі де бар.
Енді бұл мәселеге Мемлекет басшысының өзі араласты. Нақты тапсырмалар берді. Тек бұл да кезекті бір науқан сияқты дабырлап барып басылмаса екен. Қорғаныс саласын, әскерді комиссия жоғары жауапкершілікпен, асқан қырағылықпен тексерсе екен. Есеп беру үшін жауырды жаба тоқып, «шабақтарды» құрбандыққа тартып құтылмай, шын кінәлілерді, бұл саланы бүлдіріп, ірітіп-шірітіп отырғандарды анықтап, тиісті жазасын берсе екен. Бұрынғы кездердегідей ірі лауазымда отырып қылмыс жасағандар қызметінен уақытша шеттетіліп, басқа орынға барып қонжия қалатын келеңсіздік келмеске кетсе екен. Халық осыны шын тілейді.



