Kейінгі жылдары Түлкібас ауданында отандық кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Осы мақсатта аудан әкімі Асқар Естібаев жуырда жауапты сала мамандарымен аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар ауыл шаруашылығы және өндірістік жобалардың жұмыс барысын бақылап, нысандардың құрылысымен және отандық кәсіпкерлікті дамыту барысында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Алдымен аудан әкімі Машат ауылындағы «Машат шағын өндірістік паркі» аумағында орналасқан өндірістік нысандарды аралады. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Бұл нысан ұсақ мал сою және ет өнімдерін өңдеуге бағытталған өндіріс орны. Кәсіпорын айына 500 тоннаға дейін ұсақ мал союға мүмкіндік беретін өндірістік қуатқа ие. Жылына 5 мың тоннаға дейін ет өнімдерін өндіру жоспарланған. Нысанның іске қосылуы жергілікті шаруалардың өнімдерін өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, ет өнімдерін өңдеу көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Өнімді Қазақстанның ішкі нарығына шығару көзделген.
Бұдан кейін аудан әкімі «Атамекен» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Мұнда ірі қара малды бордақылауға арналған өндірістік алаң құрылып, бір мезетте 1300 басқа дейін мал ұстау мүмкіндігі қарастырылған. Жылына 1000 тоннаға дейін ет өндіру жоспарланған. Жоба аясында 25 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға жағдай жасалмақ. Кәсіпкерлік нысанды жеке кәсіпкер Мұратжан Абатаев жүзеге асыруда.
Келесі нысан – «Шәдібек ата Агро KZ» мал сою бекеті. Өндірістік нысан жылына 50 мың бас ірі қара мал союға есептелген. Кәсіпорынның жоспарлы өндірістік қуаты жылына 10 мың тонна ет өнімін құрайды. Жоба аясында 30 жаңа жұмыс орны ашылып, қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 300 мың теңге көлемінде белгіленген. Өнімді Қазақстанның ішкі нарығына өткізу жоспарланған. Кәсіпорынды «Шәдібек ата Агро KZ» компаниясының директоры Шерзад Авазов жүзеге асыруда. Сондай-ақ, А.Естібаев Машат ауылындағы «Атамекен Агро 2025» мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Кәсіпорын бір мезетте 1300 бас ірі қара малды бордақылауға қауқарлы, жылына 1000 тонна ет өндіру жоспарланған. Жоба нәтижесінде 15 жаңа жұмыс орны ашылып, қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 250 мың теңгені құрайды. Өнімді Қазақстанның ішкі нарығына өткізу көзделген.
Нысандарды аралау барысында аудан басшысы өндірістік орындардың құжаттарын ретке келтіру, құрылыс және әрлеу жұмыстарын толық аяқтау, нысандарды белгіленген мерзімде іске қосу бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Машат ауылындағы мал сою және бордақылау бағытындағы нысандардың құжаттарын рәсімдеу, абаттандыру және әрлеу жұмыстарын толық аяқтап, 10 қазанға дейін іске қосу қажеттігін тапсырды.
Аудан әкімінің кезекті көрген нысаны – Майлыкент ауылдық округіне қарасты Т.Рысқұлов елді мекеніндегі сүт фермасы болды. Аудан әкімі мұнда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысып, жобаның жүзеге асырылу барысын жауапты мамандармен талқылады. Жобаның негізгі мақсаты – сүтті мал шаруашылығын дамыту, импортты алмастыру және өндірілетін шикізатты өңдеу. Фермада тауарлы сүт өндірісінің даниялық технологиясын енгізу көзделген. Жоба іске қосылғаннан кейін 20 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Ферма аумағында екі мал ұстау алаңы, жем қоймасы, мал сауу орны және сүрлем шұңқыры қарастырылған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталып, жалпы орындалу деңгейі 90 пайызға жеткен. Аумақ толық қоршалған, екі қораның біреуі толық аяқталған, ал сауу алаңының құрылысы 90 пайызға орындалған. Сүрлем шұңқыры толық дайындалып, жүгері сүрлеммен толтырылған. Нысан қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Электр желісі тартылып, ауыз сумен қамту үшін ұңғыма қазылған. Сонымен қатар трансформатордың қуаты 100 кВт-тан 250 кВт-қа дейін арттырылып, ауыстыру жұмыстары аяқталған.
Ветеринариялық талаптарды сақтау бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Аудандық аумақтық инспекцияның ескертулеріне сәйкес дизбарьер салу, сауу және скреперлік құрылғыларды орнату жұмыстары жалғасуда. Ветеринария бойынша қажетті құжаттар толық рәсімделген. 2026 жылғы 5 маусымда фермаға 165 бас ірі қара жеткізіліп, ветеринариялық бақылауға және карантинге қойылған.
Аудан әкімі нысандарды аралау барысында жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтап, өндірістік жобаларды толық қуатында іске қосу қажеттігін атап өтті. Жаңа өндірістердің іске қосылуы ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыруға, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және отандық өнім өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.



