Таяуда «Аксиос» («Axios») порталы АҚШ-тың халық санағы бюросына сілтеме жасай отырып бір өзгеше жаңалық жариялады. Онда әлемдегі жасы 65-тен асқан қариялар қатары 5 жасқа дейінгі балалар санынан асқаны жөнінде айтылған. Бұл құбылыс адамзат тарихында тұңғыш рет байқалып, адамдардың өмір жасы ұлғаюымен және туу көрсеткішінің төмендеуімен қатар жүруде екен.
Өткен жылы дүние жүзінде жасы 65-тен асқан 852 миллион қария, 5 жасқа дейінгі 678 миллион бала болған. Бұл үдеріс алдағы жылдарда да жалғаса бермек. Жасы 65-тен асқандардың саны алдағы 35 жылда 2 миллиардқа жетеді деген болжам жасалған. Есесіне көп елдерде бала туу көрсеткіші төмендей бермек. Тағы бір зерттеулерде жасы 65-тен асқан адамдарының көптігі жөнінен әлемде Монако князьдігі алда тұрғаны жөнінде айтылады. Онда бұл жастағылар саны тұрғындардың (жалпы саны 36 мың) 36 пайызын құрайды екен. Жапония – екінші орында, онда бұл жастағылар халықтың (халық саны 123 миллион) 30 пайызына тең.
Халқының қартаюы бойынша алғашқылар қатарында, сондай-ақ, Италия, Португалия, Грекия, Финляндия, Германия, Хорватия тұр. Бұл елдер тұрғындарының 23-25 пайызына дейінгісін жасы 65-тен асқандар құрайды.
Ал Қазақстан осы көрсеткіш бойынша 217 елдің ішінде 106-шы орында екен. Бізде жасы 65-тен асқандар тұрғын халықтың 8,65 пайызын құрайды. Ал ең соңғы орындағы Катардың 3 миллион 175 мыңдай тұрғынының 1,68 пайызының ғана жасы 65-тен асып отыр екен. Мұндай «жас» мемлекеттердің алдыңғы қатарында сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Замбия, Чад, Орталық Африка Республикасы, Уганда, Мали, Ауғанстан, Йемен, Бурунди елдері тұр.
Кей ғалымдардың пікірінше, бала туудың төмендеуіне смартфондардың көбеюі мен әлеуметтік желілердің қолжетімділігі басты себеп болып отыр. «Смартфон мен желілер адамның нақты қарым-қатынасқа деген қажеттілігін тежейді, неке жасындағылардың танысып-табысуына қажетті уақытты созады. Көп жастар ұзақ уақыт өзімен-өзі жүргенді қалайтын болған», — дейді олар. Енді бір зерттеушілер: «Туудың азаюына экономикалық жағдайлар, тұрмыс-тіршіліктің қымбаттауы мен жүктілікке қарсы құралдардың көптігі әрі қолжетімділігі себепкер» дегенді айтуда.
Қалай болғанда да әлемде көптеген елдерде туу көрсеткіші төмен, халқы жылдам қартаюда. Сондықтан олар тууды ынталандыру бағытында ізденіп, түрлі бағдарламаларды іске асырып жатыр. Өйтпеген жағдайда халық саны күрт төмендеп, мемлекет ретінде сақталып қалу мүмкіндігі жоғалуы ғажап емес.



