Ел ертеңінің жастардың қолында екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әрдайым еске салып отырады. Өйткені жастар – еліміздің басты күші, оның дамып-өркендеуін алға апаратын ресурс. Сондықтан да Президент жастарымыздың әлеуетіне сенеді.
Біздің жастарымыз білімді, білікті, әрбір істе белсенді, еңбексүйгіш, мақсатшыл, әрбір іске жоғары жауапкершілікпен қарайтын, отансүйгіш патриот болуы керек. Елдің бірлігі мен тұрақтылығына, ынтымағына қызмет етуі керек, өзара сенімді, әрбір істе әділдікті ту етіп ұстауы тиіс. Осы құндылықтың бәрі жастарымыздың бойынан табыла келе ел ертеңіне, мемлекеттің мығым болуына қызмет етеді. Бұл орайда мемлекет те жастармыздың жан-жақты дамуына мүмкіндігінше жағдай жасап жатыр. Жастарға тиісті қолдаулар көрсетілуде, жақсы тәрбие беріліп, мүмкіндіктері дамытылу үстінде. Ал бұл жұмысқа Жастар ресурстық орталықтары ғана емес, мектеп, ата-ана, оқу орындары да түгелдей атсалысып отырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Өйткені мұндай кездесулер жастардың бойындағы патриоттық сезімдерді оятады, оны нығайтады. Патриотизм өз кезегінде адамдарды бірлікке ұйыстырады, бірлік – тұрақтылыққа кепіл, ал әділдік пен жауапкершілік ортақ игілікке бастайды. Осы құндылықтарды берік ұстанған Арыс қаласының Жастар ресурстық орталығы қаланың жас тұрғындарының арасында түрлі іс-шараларды дәстүрлі түрде жүргізіп келеді. Соның бірі қалаға қарасты Монтайтас ауылдық округіндегі М. Мәметова атындағы жалпы білім беретін мектепте ұйымдастырылды. Мектеп оқушыларымен «Еліңнің ертеңі – сенің қолыңда» тақырыбында еркін форматтағы кездесу өтті.
Оқушыларға ел болашағындағы жастардың рөлін түсіндіру, олардың азаматтық белсенділігін арттыру, білім мен ізденіске ынталандыру – бұл кездесудің басты мақсаты болды. Еркін форматта өткен басқосуда жастар өз ойларын ортаға салып, алға қойған мақсаттары мен армандары жөнінде пікір бөлісті. Сонымен қатар, қоғамға пайдалы азамат болу, жауапкершілік пен белсенділік жайында ашық әңгіме өрбіді.
Жиын мазмұнды әрі қызықты өтті. Кездесуден жастар рухани нәр алды десек болады. Бұл текке кетпейді, жиында жүректерге жеткен сөздер берік орнығып, жастарымыздың болашақ қадамдарында жол көрсетер бағдар болады деп сенеміз. Елдің ертеңі өздерінің білімі мен біліктілігіне, күш-жігеріне, жауапкершілігіне, патриотизміне байланысты екенін жастар бала кезінен ұғынып өссе, олар адаспайды, өмірден лайықты орнын табады, елге тиісті қызметін, еңбегін сіңіретін болады. Осы орайда Арыс қалалық Жастар ресурстық орталығының «Ел ертеңі – сенің қолыңда» тақырыбымен ұйымдастырған кездесуі өз мақсатының үдесінен шықты деп айтуға әбден болады деп ойлаймыз.
Х. АСАН.



