Кентауда неге әкім тұрақтамайды?

 Әкім жиі ауысқан соң уәде де орындалмай қалуда

Түркістан облысында әкім тұрақтамайтын қаланың бірі – Кентау. Мұны біз емес, кентаулықтардың өздері айтып жүр. Өткенге көз жүгіртер болсақ, шынында да соңғы 10-15 жылда әкімі көп ауысқан қала мен ауданның көшін осы Кентау бастап тұр екен. Әсіресе, кейінгі 2-3 жылдағы ауыс-түйіс рекордтық көрсеткіш болып тұр. Бұл, әрине, жергілікті тұрғындар үшін тиімсіз екені түсінікті.

«Біздің Кентауға әкім тұрақтамайтын болды ғой. Жаңа әкім келді дегенді естисің, артынша ауысып кетеді, – дейді Кентау қаласының тұрғыны Рәзия Мұхамедова. – Мұның біздер үшін зияны көп. Мәселен, жаңа келген әкімге күрмеулі мәселені көрсетіп, шешімін күтіп жүргенде кетіп қалады. Кейін оны жаңа келген әкімге қайта айтуға тура келеді. Келген әкімге бірнеше жыл жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек емес пе? Сонда ғана нәтижеге қол жеткізуге болады. Әйтпесе, әкімдер уәде береді де онысын орындамай жатып кетіп қалады. Осыдан кейін әкімге мәселе айтуға да құлық болмайды екен. Тағы ауысып кетер ме екен деген күмәнді ой тұрады. Өкініштісі, бір әкімнің бастамасын екінші әкім үнемі қолдай бермейді. Осыдан барып қаржы мен уақыт шығынына жол беріледі.

Сөзіміз құрғақ болмас үшін нақты мысалдарға жүгінейік. Қала басшылығына Ғани Рысбеков келгенде жергілікті тұрғын ретінде ол кісіден күткеніміз көп болды. Қабылдауында болып, біршама мәселе айттық. Уәде беріп, қаланы көркейтуде бірге жұмыс істейтінін айтқан болатын. Алайда, оның «әкімдік ғұмыры» жарты жылға да жеткен жоқ. Оның орнына Дәурен Махажанов келді. Жас келсе – іске деп қуандық. Бірақ, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Біріншіден, Махажановтың жеке қабылдауына кіру мұң болса, екіншіден, уәдесіне тұрақсыздық танытты. Өткен жылы Нахымов көшесінің тұрғындары жылусыз қалғанда Д.Махажанов барып, суағар жасап беруге сөз берген-ді. Бірақ, онысы орындалмады. Оның елге қызмет ету орнына қалта қамын көбірек ойлағаны белгілі болды. Тағы бір жергілікті азамат – Рашид Аюпов әкім болып келгенде де үмітіміз қайта үкіленген болатын. Ол кісіге жасы ұлғайған анамның жер үйде тұратынын, ондағы әжетхана қиындығын айтып, кәріз жүйесіне қосып беруді өтінген едім. Уәде берді, қарамағындағыларға тапсырды, енді жұмыстың нәтижесін күтіп жүргенде ол да қызметін асығыс тапсырып кетті. Берілген уәде тағы да орындаусыз қалды. Әкімдік деген күнде ауыса беретін қарауылдық қызмет емес қой. Мұндай жұмыс тәсілімен халыққа ешқандай әкім тиянақты, нәтижелі қызмет ете алмайды.

Жуырда жаңа әкім – Жандос Тасов деген жігіт келді. Қызметтен кетіп қалмай тұрғанда жолығып үлгерейік деп оның да қабылдауында болдық. Көшеміздің және басқа да ортақ мәселені алға тарттық. Дәрігерлердің біліксіздігін айтып, анама қатысты бұрынғы әкімнің орындалмай қалған уәдесін еске салдым. Бұл әкім де уәде берді. Алайда, содан бері де бір айға жуық уақыт өткенімен, ешқандай қимыл-қозғалыс жоқ. Әкім сөз берген соң, әрбір тапсырмасының орындалуын қадағалауға алуы тиіс емес пе?! Әлде айтылған сөз, берілген уәде сол жерде-ақ қалып қойды ма? Жаңа әкімнің де бұл әрекеті бүгін-ертең қызметтен кететін адамның тірлігіне ұқсай ма, қалай?

Әрине, Кентауды іскер әкімдер басқармады емес, басқарды. Мәселен, Әбдібақыт Мақұлбаев біраз жыл қала тізгінін ұстады. Ісіне тиянақты, уәдесіне берік сол әкімді әліге дейін сағынышпен еске алатындар бар. Нәтижесінде қала көркейді, халықтың әлеуметтік тұрмысы түзелді. Тағы бір осындай іскер әкім қашан бұйырар екен бізге? Кентау – жас әкімдерді тәжірибеден өткізетін тәжірибе алаңы емес шығар».

Расында әкімі жиі ауысқан өңірде берекелі тірлік болмайды. Халықтың жағдайы ескерусіз қалады. Бәлкім, қазіргі қала басшысы Жандос Тасовты қызметке тағайындарда облыс басшылығы тарапынан «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» шешім болған шығар. Ендеше, оның жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Алайда, оқырманымыздың айтқаны рас болса, уәдесін ұмытқан, тапсырмасының орындалуына немқұрайлы қарайтын әкімнен нәтижелі жұмыс күту де қиын. Қалай болғанда да барлығына уақыт төреші. Сол уақыт Жандос Тасовтың да қандай әкім боларын айқындап берері анық. Әзірге оның іскерлігі жайында біржақты ештеңе айта алмаймыз. Дегенмен, іскер әкім іскерлігін ә дегеннен-ақ көрсете алса керек-ті.

Ұлықбек ҮМБЕТ.