Арақсыз ауыл көбейіп келеді

Түркістан облысы бойынша ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 20-ға жетті. Бұл ауылдың дүкендерінде арақ сатылмайды. Той-жиынында дастарханға арақ қойылмайды. Ауыл ақсақалдарының билігі мықты болып тұр. Ақсақалын құрметтеген жастары да қариялардың уәжіне құлақ асып, ішімдіктен бас тартып, ауылдың ажарын айшықтауға атсалысуда. Айта кету керек арақтан бас тартқан бұл ауылдарда қазір қылмыс атаулы азайған. Жастар спортқа көңіл бөліп, салауатты өмір салтын құруға ден қойған. Тату  тәтті отбасылар саны артып, жас-жұбайлар арасында келіспеушіліктер, ажырасулар тиылған. Ауылдың берекесі кіріп, ынтымағы арта түскенін ел ризашылықпен айтып жүр.

Мақтанып айтар ауылдардың тізімін көпшілікке жария етуді жөн санадық. Өзгелер үлгі алсын. Ішімдіктен келетін кесапаттан бойды аулақ ұстасын деген оймен. Сонымен, арақсыз ауылдар тізімі:

Арыс қаласындағы – Дермене, Теміржолшы, Орманды, 40-разъезд елді мекендері;

Бәйдібек ауданындағы – Түйетас елді мекені;

Жетісай ауданындағы – Алмалы елді мекені;

Келес ауданындағы – Шұқырсай және Мақташы елді мекендері;

Мақтаарал ауданындағы – Табысты елді мекені;

Ордабасы ауданындағы – Аққойлы, Жусансай, Төреарық және Көлтоған елді мекендері;

Отырар ауданындағы – Қарғалы ауылы;

Сауран ауданындағы – Жүйнек, Шекербұлақ елді мекендері;

Төлеби ауданындағы – Алғабас, Оңтүстік және Диханкөл елді мекендері;

Қазығұрт ауданындағы – Шарбұлақ ауылы.

Ал, сіз қай ауылда тұрасыз? Ауылыңызда әлі де арақ ішіп, көшеде теңселіп жүретін, үйінде бала-шағасының берекесін алып, зәбір көрсететіндер бар ма? Ауылыңызда аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақал жоқ па? Ақсақалын тыңдайтын ағайынның ынтымағы жарасымды ма?

Айта отырыңыз…