Соттасқан ұстаз, әріптесін өлтірген мұғалім…

«Өзге пікір» газетінің сәуір айындағы сандарының бірінде «Мектеп – жанжал алаңы емес, білім ошағы» деген мақаланы оқыған едім. Сол мақалада айтылған жайттар маған көптен бері ой салып жүрген болатын. Ал кеше Қызылордада бір мұғалім әріптесін өлтіріп қойды деген ақпаратты естігенде төбемнен жай түскендей болды. Бұл мектептерде не болып барады? Мектеп киелі орынға емес, арыз-шағым жазып, ұстаздардың бір-бірімен соттасатын, ұнамағанын өлтіруге дейін баратын қылмыс алаңына айналып бара жатқандай көрінеді.

Жоғарыда айтылған мақалада Қарлығаш есімді ұстаз өз мектебіндегі жағдайды баяндапты. «Менің жазбамнан ұжымдағылар өздерін жазбай таниды, ең болмағанда өзгелерге сабақ болсын» деген Қарлығаштың жазбасынан өз мектебіндегі жағдайды елестеткендер қатары аз болмаған секілді. Мәселен, мен өзім бұл мақаланы біздің мектептің бір ұстазы жазған болар деп ойладым. «Парамен ұсталған директоры айыппұл төлеп мектепке қайтып келді» деген тұсы болмаса қалғаны тура біздің мектептегі жағдайға ұқсас. Нақты бір директор тағайындалмағаннан кейін жиі ауысатын директордың міндетін атқарушылар қолда барда қоныштан басқысы келіп, талай қитұрқылықтарға барады. Салдарынан ұжымда ырду-дырду көп. Мұның барлығы білім сапасына кері әсер етпей қоймайды. Мұғалімдердің жұмысы сабақ өту емес, бір-бірімен тайталасқа айналып барады. Тіпті, бір-біріне сәлем бермейтін, сәті түссе шалып қалғысы келетін бақталас әріптес-қарсыластар пайда болған. Қала берді, келген комиссияны жақсылап күтіп алып, ойдағыдай шығарып салу секілді пендеуи тірлік күшейіп барады.

Бала білмейді деген бекер әңгіме. Бала бәрін біледі, сезеді, түсінеді және қайталайды. Сонда мектеп мұғалімдері балаларға қандай үлгі көрсетіп, қандай жолға салып жүрміз? Татулықты ту еткен бе, жаулықты жалау еткен бе? Міне, мені толғандыратыны осы.

Қарлығашқа рахмет, өз мектебіндегі жағдайды жазып, көпшіліктің талқысына салып отыр. Жасыратыны жоқ, көпшілігіміздің соны жазуға да жүрегіміз дауаламайды. Ойланайық, түзелейік, саналы ұрпақ тәрбиелейік, құрметті әріптестер!

Жайна,

Шымкент қаласы.