МАҚТАРАЛДЫҚ ӨНЕРТАПҚЫШ ӨРЕНДЕР

Кеше, 5 маусым күні Түркістан облысы білім басқармасы «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өнертапқыш өрендер арасында республикалық байқаудың облыстық кезеңі өтті. Төлеби ауданы, Ленгр қаласында өткен бұл байқауға техникалық шығармашылық және өнертапқыштар (әуе, зымыран, көлік, кеме құрастырушы) оқушылар өңірдің барлық аудандарынан келіп бақ сынады.  Республикалық жарыстың облыстық кезеңі болғандықтан үміткерлер бар күш-жігерін салып, бәйгеден оза шабуға дайындалып-ақ келгені байқалды.

Байқаудың мақсаты Қазақстан Республикасында балалардың техникалық шығармашылығын дамыту, тұлғаның шығармашылық құзыреттілігінде бәсекелестік артықшылықтарын қалыптастыру, білім алушылардың өзін-өзі кәсіби анықтауы үшін жағдай жасау болып табылады.

Байқаудың барлық номинациясына белсене қатысқан мақтааралдық оқушылар бәйгеден де көрінді. Мысалы, әуе модельдері – F-1-А планер моделі номинациясы бойынша А.Пушкин атындағы №3 жалпы білім беретін мектептің 6 сынып оқушысы Бахратов Алишан жүлделі І орынға ие болды. Алишанның жетекшісі Бабамуратов Абдушукур Абдыхаликовичтың да есімі марапаттау барысында мақтанышпен аталды.

Ал, радиомен басқарылатын көлік модельдері – 1:10 масштабта көлік модельдерін мәнерлеп жүргізу номинациясында РЦБ класы аталымы бойынша Н.Бекежанов атындағы №13 жалпы білім беретін мектептің 5 сынып оқушысы Сейтбеков Дінмұхаммед жүлделі 2 орынға ие болды. Жетекшісі  – Дусекеев Нұрлан Сайрамбаевич.

Кеме модельдері –Ф -2 –А мини номинациясы бойынша Мақтарал ауданындағы Абылайхан атындағы №2 жалпы білім беретін мектептің 4 сынып оқушысы Серікбай Бекнұр жүлделі 2 орынға ие болды. Оқушысының жетістігі үшін жетекшісі Аликулова Арайлым Сәрсенбековна да шынайы қуаныштан толқып жатты.

Байқаудың Зымыран модельдері – S6А – стример аталымында  А.Пушкин атындағы №3 жалпы білім беретін мектептің 6 сынып оқушысы Агалиев Халил жүлделі 3 орынға ие болды. Оның да жетекшісі Бабамуратов Абдушукур Абдыхаликович.

Жеңімпаз болған оқушыларға диплом және сертификаттар салтанатты жағдайда табыс етілді.

Ең бастысы байқаудың қорытындысы бойынша жүлделі І дәрежелі диплом иегері А.Пушкин атындағы №3 жалпы білім беретін мектептің 6 сынып оқушысы Бахратов Алишан Республикалық байқауға жолдама алды. «Республикалық кезеңге өткен оқушымызға инновациялық жаңашыл идеялар байқауында сәттілік тілейміз» дейді мақтаралдық мұғалімдер.