Қазақстан заңнамасында адамдарды тегіне, ұлтына, нәсіліне, жынысына байланысты кемсітуге тыйым салынған. Қадір-қасиетке қол сұғуға болмайды. Осы талапты бұзған жауапты тұлғаның өзі жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл еліміздің Ата заңында тайға таңба басқандай анық жазылған.
Мұны еске салуға Сайрам ауданындағы жағдай себеп болып отыр. Сайрам ауданық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Ахметовтың заңсыз бұйрығы негізінде Қарасу ауылындағы М.Сапарбаев атындағы мектеп директоры Айжанар Қуандықова 3 мамыр күні жұмыстан босатылған болатын. Заңсыз деп айтуға ол бұйрықтың күші Сайрам ауандық сотының 29 шілдедегі шешімімен жойылып, Бауыржан Ахметовтың 12 тамыздағы бұйрығымен бұрынғы директордың қайта жұмысқа қабылданғаны негіз бола алады. Алайда, «жеңілген күреске тоймайды» демекші, Б.Ахметов мұнымен тоқтамай, қысымын одан әрі жалғастыруға бекінген секілді.
Бұзылған құқын, босаған жұмысын сот арқылы қалпына келтірген директор А.Қуандықованы жұмысқа мәжбүрлі түрде қабылдаған күннің ертеңіне, яғни 13 тамыз күні аудандық білім басқармасы басшылығы тарапынан төмендегідей мәтіндегі хат келеді: «№14 М.Сапарбаев атындағы ЖББМ мектеп директоры А.Қуандықоваға. Сайрам аудандық полиция басқармасының 26.06.2024 жылғы №4-1/53/2118-И санды ұсыныс хатын жолдай отырып, ұсыныста орын алған жағдай бойынша, ҚР Еңбек Кодексінің 65 бабының 2 тармағына сәйкес Сіздің тарапыңыздан жазбаша түрде түсініктеме беруіңізді сұраймын. Сонымен қатар, ұсыныстың 2 тармағы бойынша педагог әдебінің талаптарын өрескел бұзған А.Естаевты қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартып, оның ішінде атқаратын қызметінен шеттетіп, атқарылған жұмыстар бойынша дәлелді құжаттарын тіркей отырып, аудандық білім бөліміне ағымдағы жылдың 16 тамызына дейін жолдауды тапсырамын. Осы хатты алған соң, Сізден жазбаша түсініктеме екі жұмыс күні өткеннен кейін, яғни 2024 жылдың 16 тамызына дейін бермеген жағдайда, тиісті акт жасалатынын ескертемін. Осы тұрғыда жұмыскердің түсініктеме бермеуі тәртіптік жаза қолдану үшін кедергі бола алмайтыны туралы назарға саламын. Басшы Б.Ахметов».
Әрине, педагог әдебінің талаптарын өрескел бұзған қызметкерге қатаң шара көрілуі тиіс. Бірақ, ол үшін қызметкердің талап бұзғанын дәлелдейтін құжаттай дәлелдер болуы керек емес пе? Енді сол құжаттарға көз жүгіртсеңіз, шындықтың беті ашыла түскендей болады. Мәселен, аудандық полиция басқармасы жоғарыдағы мәтінде көрсетілген хатты мектеп басшылығына 26 маусым күні жолдаған. Ол кезде аталмыш мектепте директордың қызметін Жомарт Бектасов атқарған. Шара көру қажеттігі жөніндегі талап хат сол кезде жазылуы тиіс болатын. Оның үстіне бұл іске қатысты аудандық полиция тарапынан ақтау қаулысы шыққан. Ендеше, А.Естаевқа шара көру үшін А.Қуандықованың жұмысқа түсуін күтудің қандай қажеттілігі болды екен? Оқырман білмеуі мүмкін, әлгі аты аталған, дәлірек айтқанда талапты өрескел бұзды деген азамат сот арқылы қызметіне қайта келген қазіргі директор А.Қуандықовамен бір шаңырақ астында тұрады. Сонда бөлім басшысы орынсыз талап қою арқылы А.Қуандықованың отбасылық жағдайын ушықтырып, кек алмақ болған ба деген ой келеді екен. Жақын адамына шара көрмеген жағдайда соны себеп етіп, қайта жұмыстан босату ниеті байқалады.
Осы тұста әдепті өрескел бұзды делінген А.Естаевқа қатысты іске де бір үңілуді жөн санадық. Өйткені, расымен де талап өрескел жағдайда бұзылған болса, ерте ме, кеш пе ол әрекеті үшін жазасын алуы тиіс. Бәлкім бұл да кезекті жаланың бірі болар? Біз осы сұраққа жауап табу үшін Сайрам аудандық білім бөліміне екі күн бойы бардық. Басшы Б.Ахметов іссапармен Астанаға кетіпті. Басшының міндетін атқарушы Ф.Оспанова бұл мәселені бөлім заңгері Бейбіт Зиябековтен сұрау керек екенімізді айтты. Ал заңгер А.Естаевқа қатысты хат келген уақытта еңбек демалысында болғанын, оған қатысты жайттан бейхабар екенін айтты. Біз сол жерде отырып А.Естаевқа хабарласқанымызда ол 1 тамыздан бері жұмыста екенін, тергеу амалдарын жүргізген аудандық полиция тарапынан 1 тамыз күні ақтау қаулысы шыққанын мәлімдеді. Сонда А.Естаевтың әрекетіне қатысты полицияның ақтау қаулысы шыққанына қарамастан және оны анықтап алмай жатып не үшін негізсіз шара көруді талап еткені түсініксіз.
Түп-төркініне үңілген адамға бұл әрекеттің бұзылған құқын сот арқылы қалпына келтірген директор Айжанар Қуандықованы сүріндіру үшін ойлап табылған амал секілді көрінеді. Оған қалай да шара көру керек болған сыңайлы. Алдымен ескерту, одан кейін сөгіс, қатаң сөгіс арқылы жұмыстан босатуға болады. Бірақ шара көрудің де өз заңдылығы бар емес пе? Құжат-дәлелсіз шара көрудің өзі заңсыз. Ондай әрекеттің сотта дәлелін таппайтыны Сайрам аудандық білім бөліміндегі басшыларға әлі де сабақ болмаған секілді. Әлде олардың өздері заң талаптарынан бейхабар ма? Бәлкім, бұл қызметкерді қудалаудың сайрамдық тәсілі болар?!
Ұлықбек ҮМБЕТ.