САЙРАМ КӨТЕРІЛІСІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

  • Таным

Қазақ жерінің ерте дүниеден бергі рухани орталығы болған Сайрам өңірі туралы қазақтың біртуар ғалымы Шоқан Уәлихановтың жазбаларында былай делінген: «Ташкентті жаулап алушы Бұқарханның өлімінен кейін алғашқы азаматтар қаланы уақытша бөліктерге бөлді және әр билеуші атаққұмарлықтан өзінің қарсыласын биліктен тайдырып жіберуге тырысты, осыдан ішкі соғыс басталып, ол он жылдан аса уақытықа созылды. Мұндай алауыздық Үйсін болыстарының Ташкент және басқа да қалаларға шабуыл жасауларына түрткі болып, ер азаматтарға қысымшылық жасап, егіс жұмыстарына жөнелулеріне мүмкіндік бермеді. Олар болса қарқынмен бастаған өз істерінде өте сәттілікке жетіп, Шымкент, Сайрам және тағы бірнеше шағын жерлерді күшпен алды».

Сайрамды алуға көптеген жаулаушылар тырысып баққан. Дегенмен ол әрекеттер нәтижесіз қалған. «Мұның барлығы оның қазіргі билеушісі Жүніс ханның уақытына дейін болды. Сол уақыттан бастап Ташкент ішкі тыныштыққа мәңгіге ие болды. Қаланың ішкі тыныштығын нығайтып, ол қайсақ болыстарына қарсы қолына қару алды. Шанышқылы болысын көрші қожа билеушісі Хұдияр бектің көмегімен бас игізіп, алым-салық салды, ал Үйсін болыстығмен көп ұрысқа шығып, олардың бірінде хандарын өлтірді, алайда оларды қаруына бас игізе алмады. Шымкент және Сайрам қалалары олардың иелігінде қалып қойды. Қазіргі кезде шапқыншылық арқылы оларды әлсіретіп, киіз үй басы бір қойдан алым салық төлетіп, қаруына бас игізді, мұнымен бірге Шымкент және Сайрам қалаларын үнемі билік ету құқығына иеленді, алайда бұл тыныштық ұзаққа созыла ма беймәлім. Ташкенттің қол астына жататын жерлерге келсек, оны Шымкент, Сайрам, Алтын төбе жері, Қарабұлақ, Сауран, Темірқорған, Жаңақорған, Ниязбек және тағы аздаған шағын ауылдар құрайды. Шымкент, Сайрам қалалары мен алғашқы төрт жердің тұрғындары жыл бойы ханға алым-салық төлейді, ал соңғы қалған жерлер, мысалы Жаңа және Ниязбек қорғандарында әскери адамдар тұрады да, олар сол әскерилерді қамтамасыз етеді» делінген Шоқан Уәлихановтың жазбаларында.

Осының өзі Сайрам жерінің тарихы туралы деректер бұл өңірге көз тігушілердің аз болмағанынан хабар береді. Сайрам Кеңес үкіметінің күштеп ұжымдастыру кезеңінде халықтың ашу-ызасы арнасынан асып төгілген бір сәтіне тура келді. Сайрамда да Қазақстанның басқа аймақтарындағыдай ұлт азаттық көтеріліс бұрқ ете қалады. Бұл көтеріліс турасында ұзақ жылдар бойы арнаулы органдардың мұрағат қорларының қолжетімсіздігінен халыққа беймәлім тұстары көп болды. Еліміз тәуелсіздік алып, демократиялық үрдістер кең қанат жая бастады. Сайрам көтерілісі туралы шындықты жария ету мүмкіндігі туындап отыр.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                               Осынау күштеп ұжымдастыру, халық басына түскен нәубетті зерттеуші Т.Омарбековтың, зерттеуші Қ. Алдажұмановтың еңбектерінде астық дайындаудағы қысымшылық әрекеттер салдарынан орын алған Оңтүстіктегі  Сырдария округіндегі халық көтерілістеріне де өзіндік баға беріліп, тұжырымдар жасалынған. Сайрам көтерлісіне қатысты зерттеу материалдарын жергілікті жазушы Бабенконың еңбектерінде де біршама деректер баяндалған. Сонымен қатар мақаланың негізгі тұжырымында Шымкент қалалық саяси-қуғын сүргін құрбандары музейі мұрағатындағы деректер басшылыққа алынды.

Сайрам көтерілісінің алғышарттары туындап келе жатқан сәттің өзінде ОГПУ тыңшылары алдын-ала сақтық шараларын жасап, халықтың көзі ашық белсенді тобының алдын алуға тырысқан. Оның дәлелін төмендегі құпия хаттардан аңғаруға болады. Сондай-ақ арнаулы «қара тізімге» ілінген ұлт жанды азаматтардың тізімінен де көрінеді. Құпия хаттың мәтінін жариялауды дұрыс санадық.

Қатаң Құпия.

Жеке.

БКП (б) ОК жауапты хатшысына. ГУРИНГЕ.

Соңғы уақытта Сырдария округінде қазақ және өзбек ұлтшылдарының қызметі едәуір жанданды, бұл сөзсіз Кишлак пен ауылдың капиталистік элементтеріне қарсы бағытталған орасан зор саяси компаниялармен (астық дайындау, мақта және т.б.) және Қазақ Үкіметінің Ауыл шаруашылығын қайта құру жөніндегі іс-шараларымен байланысты. Біздің деректерімізге сүйенсек, бұл ұлтшыл элементтердің қызметі тек біздің округ шегінде ғана емес, сонымен қатар аз дәрежеде Өзбекстан аумағында, атап айтқанда, Ташкент қаласында және оның маңында жүргізілуде. Сырдария округінен ірі өзбек және қазақ байларын, діни қызметкерлер мен ұлтшыл зиялы қауым өкілдерін жинап, сол жерде өз жақтастарының көмегімен қызметке орналасқан. Сонымен қатар,                                                                                                                                                                                                                                                                                                                 Сырдариядан шыққан қазақ және өзбек жастары Ташкент және Самарқанның орта және жоғары оқу орындарында оқиды. Олардың ішінде бізге жат элементтер көп (байлардың ұлдары, саудагерлер, бұрынғы шенеуніктер), кеңестік іс-шараларға қарсы тұру үшін оңай өңделетін туыстарымен тұрақты байланысы бар. Бұл оқу орындары: САКУ, Орман техникумы, Пром-Экономика техникумы, Медтехникум, Рабфак,Тәжірибелік-көрсету станциясы, Әскери мектеп және Индустриалды техникум…

Аноним-хат контрреволюциялық сипаттағы хаттар (олар қазақ басшыларын саяси желінің дұрыс жүргізілмегені үшін айыптайды) қазақ ұлтшылдарының әрекеті болып табылады және Шымкент, Ташкент қалаларында тарайды. Сырдария ОГПУ аудандық бөлімі өз желісі бойынша осындай жағдайдың болуына сүйене отырып, бірқатар іс-шаралар қабылдады және өз кезегінде сіздің назарыңызды оқу-әдістемелік мекемелерді қарау мен тазалауға назар аудару қажет деп санайды. Әлеуметтік-бөтен және ұлтшылдық элементтерден, қабылдау комиссияларының жұмысын ретке келтіру және жастар арасында тәрбие жұмысын күшейту туралы мәселені реттеу қажет деп санайды.

Өкімге қосымша Өзбекстандағы оқушылар мен ұлтшылдардың тізімі тіркеледі. Осындай елдегі жаппай қудалау жағдайында, ұлт намысын ойлаған жандардың соңына түсіп қамап, жер аударып, репрессия құрбаны етіп жатқан жағдайда 1930 жылы 1 мамырда Манкент ауылының дихандары колхоздан шығып ұжымдық мүлікті, амбарлардағы астықтарды, малды талауға ала бастаған. Кетпен, күрек, айырмен қаруланған қарапайым дихандар колхоз басқармасын қуып жіберуге дейін барған. (6,44бет ) Уәкілетті және қарапайым Кеңестік қызметкерлер тарапынан асыра сілтеу мен колхоз бұқарасының жаппай наразылығын пайдаланып, өздерінің қолдаушылары – Сайрам ауданының, Манкент қышлағы азаматтарының арасында колхозды ыдырату және кеңес қызметкерлері мен жергілікті белсенділерге террористік актілер жасау жұмыстарын ұйымдастырды. 2 мамырда жергілікті молдалар мен байлардың бастамасымен Сайдалиевтің үйінде заңсыз жиналыс шақырылды, онда қоғамдық малды және қоймалардағы барлық тәркіленген мүлікті бөлшектеу, барлық коммунистерді, комсомолдар мен кеңес қызметкерлерін өлтіру, қолданыстағы колхозды тарату туралы шешім қабылданды. Осы кеңес шешімінің негізінде және кедейлердің бай-молда элементтерімен, әсіресе колхоздың ортаңғы бөлігімен келесі күні күшейтілген азғыру арқылы, яғни 3 мамырда ереуіл ұйымдастырылды. Онда колхоз шаруалары байлар мен молдалардың антисоветтік үгіт-насихатына жігерленіп, мал талан-тараж болды, бірнеше жұмысшылар ұрып соғылды, бастықтардың портреттері, плакаттар мен баннерлер жыртылды. Сол күні муллалардың: Мүфтиевтің, Низамутдиновтың, Мұсалиевтің, Бердіқұловтың, Гаюповтың және басқалардың шақыруына бүкіл кишлак халқы мешітке жиналды, онда Мүфтиев, Низамутдинов және басқалар халыққа үндеумен: «Мұсылмандар, біздің күніміз келді, бізге колхоздар қажет емес және жалпы,  Кеңес өкіметінің заңдарына бағынбаймыз, біз барлық коммунистерді, комсомолдарды және белсенділерді өлтіреміз және бұл үшін жауап бермейміз». Содан кейін молла Мүфтиев, Низамутдинов және басқалары Құранды (қасиетті кітап) көтеріп, жиналғандарды дінге адалдық туралы ант беруге міндеттеді. Содан кейін бұл көпшілік қызметкерлерді ұрып-соғу үшін шықты және тек ГПУ уәкілінің араласуы мен жекелеген жұмысшылардың қашып кетуі арқылы бұл әрекет кейбір ұрып-соғумен шектелді. Әрине ОГП тарапынан жазалаушы әскерлер бұл көтерілісті басып жаншыды. Сонымен қатар қамалған көтерілісшілерге айыптар тағылды.

Сайрам көтерілісінің трагедиялық салдары жазалау шаралары арқылы соңғы нүктесі қойылды. 1930 жылы ОГПУ үштігінің шешіммен «Сайрам ісі» бойынша «контрреволюциялық» көтерілісті дайындауға қатысы бар деп мүлкі тәркіленіп, ату жазасына көптеген азаматтар кесілді (№2370 қазақ ұлтшылдығын тергеу ісі). Сайрам көтерілісі негізінен өзбек ұлтының өкілдері мен ішінара қазақтардан құралғанын ескерер болсақ, кеңестік зобалаңға қарулы қарсылық ұлт таңдамағанын айқын аңғаруға болады. Бұл көтерілістер біріншіден стихиялық сипатта болды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық Сотының Президиумы араға жылдар салып 1958 жылы 9 қарашада осынау Сайрам көтерілісіне қатысқан тоталитарлық режимнің құрбандарын ақтауға Қаулы шығарады. Осылайша кеш те болса Сайрам көтерілісінің жазықсыз құрбандары ақталды

Жаңабек Таштанов,

М.Әуезов атындағы ОҚУ аға оқытушысы.