Тоңып емес, тойып секірген қоғамдамыз…

Өткен аптада қоғамда резонанс тудырған, елдің назарын ерекше аударған үш бірдей іске қатысты сот үкімі оқылды. Сағыздай созылған, сериалдай сергелдеңге толы бұл істерге қатысты соттың айыптау үкімі шықты. Қолы бостың, тілі ұзынның «сүйікті тақырыбына айналған» Бишімбаев ісіне қатысты сот айыптыны 24 жылға абақтыға қамау жөнінде үкім етсе, пара беремін деп құрыққа ілінген Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховты 8 жыл 5 айға, «боғауыз завуч» деген жанама атаумен елді дүрліктірген Ұлжан Елмұратованың қылмысына сай 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Алғашқы сатыдағы сот үкімдері әлі заңды күшіне енген жоқ.

Қарап отырсақ, сотты болған үш азамат та күнін көре алмай отырған, мәжбүрліктен қылмысқа барған қаймана қазақ емес. Барлығы да жоғары білімді, бір-бір лауазымды иеленген көзі ашық қандастарымыз. Материалдық жағдайлары да төмен деп ешкім айта алмайды. Басқаша айтқанда, тоңып емес, тойып секіргендер қатарында. Бишімбаев Қуандық бір емес бірнеше беделді жоғары оқу орындарында оқыған, тіпті, «Болашақ» бағдарламасымен аузын айға білеген Америкада білім алып келді. Мақсұт Исахов та екі жоғары оқу орнын тәмамдаған. Ұ.Елмұратова да жоғары оқу орнын бітірмесе мұндай лауазымды міндетті атқара алмаған болар еді.

Мұның барлығын не үшін тізбектеп айтып отырмыз? Аталған үш адамның әрекетін мысал етіп алғанымызбен, бұл жекелеген адамдардың емес, тұтастай бүгінгі қоғамның шынайы бет-бейнесін көрсетіп отыр. Ата-бабаларымыз «аштық Аллаға жақындатады, тоқтық Алладан алыстатады» деп айтып отыратынын жиі естиміз. Өкініштісі сол, бүгінгі қоғамды азғындыққа итермелеп отырған аштық емес, тоқтық сияқты және мұның көшін бастап отырғандар – жоғары білімді, биік мансапты азаматтар деп айтуға мәжбүрміз. Әрине, әлемдік көштен қалмау үшін білім алуды барынша күшейткен дұрыс, бірақ, тәрбиені де ұмытпаған абзал. Әл-Фараби бабамыз «тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» дегенді босқа айтып кеткен жоқ. Құс қос қанатымен аспандап ұшса, адамның да шынайы биікке көтеретін қос қанаты – білімі мен тәрбиесі. Осы екеуін қатар алып жүрмей, қарапайым халыққа «өрмелеп шығып күн болу» мүмкін емес.

Өткенге талдау жасамай, болашақты болжау қиын. Ұлты үшін жанын құрбан еткен Алаш зиялыларының өмір тарихына үңілсеңіз, барлығы да алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашқан арыстар екенін аңғарасыз. Осыншалықты талапты да, ұлтжанды, білімді шәкірт тәрбиелеген ауыл молдасы деген кім ол сонда? Бүгінгі түсінікпен айтсақ, молда деген мешітте уағыз айтушы имам. Ал ол кездің молдасы ше? Ол кездің молдасы дін ғылымын ғана емес, дүние ғылымын да қатар меңгерген, соны шәкіртінің санасына тереңдей сіңіре білген, бойына қасиет дарыған кісілер дер едім. Ауыл молдасы алдымен кез-келген шәкіртінің жүрегіне иман дәнін егіп, сосын барып қана дүние ілімін үйреткен. Жүрегінде иман көшеті тамырлап, гүлдеген адамнан азғындық күтпейсің, керісінше ол қай істің болсын қайырлы болуына қызмет етеді.

Ұлы ақын да, әкім де, тіпті мемлекет басқарған адам да мұғалім тәрбиесінен өткендер. Кез-келген адамның тағдырының қалыптасуына мұғалімнің қосар үлесі қомақты. Ендеше, мұғалімдердің мәртебесін сөз етсек тағы да бұрынғы мен бүгінгіні салыстыруға тура келеді. Кинолардан көрдік, көркем әдебиеттен оқыдық, бұрынғы мұғалімдер үлкен беделге ие болды. Оны Мағжан Жұмабаев атамыз «алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп дөп диагноз қойған. Ол кезде мұғалімнің мәртебесін көтеретін арнайы заң болған жоқ, бірақ, ел ішіндегі ең құрметті азаматтар ұстаздар болды. Қазір ше? Мұғалім мәртебесін көтеретін арнайы заң қабылдап, жалақысын еселеп өсіргенімен, мәртебесі өсті деп айта аламыз ба? Керісінше төмендеп бара жатқан секілді. Мұғалім мәртебесін төмендетіп отырған халық емес, ұстаздардың өздері десек, жаңсақ айтпағандығымыз болар. Жұмысына жүрдім-бардым қарайтын, жалақы үшін ғана еңбек етіп жүрген мұғалім көп. Ең сорақысы – қазір мектептер білім ордасынан гөрі жанжал ордасына ұқсап барады. Миллиардтарды жымқырғандар мен бірін бірі сотқа сүйрелеген директорлар мен ұстаздардың айқай-шуынан құлақ тұнады. Мұндай ортада тәлім алған шәкірттен қандай болашақ күтуге болады?

Тәрбие мәселесінде ата-анаға артылар жауапкершілік те қомақты. Өкінішке қарай, қазіргі ата-аналардың арасында перзентінің бүкіл тәлім-тәрбиесін мектепке артып қойғандар аз емес. Тіпті, басым бөлігі деп айтсақ та болады. Солай бола тұрса да мұғалімнің балаға дұрыс білім беруіне қолдау білдірудің орнына кедергі келтіретінімізді де мойындауымыз қажет ақиқат. Бұрын ата-аналар баласын ұстазға берерде «еті сенікі, сүйегі менікі» деп сеніп тапсыратын. Кешегі кеңес заманы тұсында да ата-аналар қандай да бір келеңсіз жағдайға байланысты ұстазды емес, алдымен өз перзентін кінәлап, үйдегі тәрбиені күшейтетін. Қазір бұл әрекет мүлдем басқа арнаға бұрылды. Ата-ананың өзі басынан сөз асырғысы келмегендіктен, баласына да солай қарайды. Сабағына дайындалмағаны үшін баласына ұрысқан ұстазды «тәубесіне келтіруге» дайын тұрамыз, ал егер ұрған болса түрмеге тоғытудан да тайынбаймыз. Осыдан кейін қай ұстаз ынты-шынтысымен сабақ беріп, қай бала шынайы білім алғысы келер дейсіз? Ұстаз арасында әйтеуір күнім өтсе, жалақым жүрсе, оқушы арасында сыныптан-сыныпқа секірсем болды деген ұстаныммен жүргендер жетерлік.

Толқынды толқын қуады, сөзден сөз туады демекші, жоғарыда қозғалған әңгіменің көбінің төркіні – байлыққа, мансапқа барып тірелетіні түсінікті. Шыны керек, қазір бала да болашақта бай болу үшін, ата-ана да перзентін байлық, мансап үшін оқытатыны ащы да болса ақиқат. Әкімнің баласы әкім, соттың баласы сот болатыны сондықтан. Әрине, бай болған жақсы, бірақ, сол байлыққа адал еңбекпен қол жеткізген жақсы. Қазіргі кезде бюджеттен ұрлап, жең ұшынан жалғасып, халықтың несібесін, жетімнің ақысын жеумен, момынның құқын таптап, қорқытып-үркітумен бай атанып жатқандар аз емес. Мұндай жолмен байығандарды өзгеге көйлеңкесі түсіп, көмектеседі деу сенімсіз әңгіме. Ал бұрынғы байлар елге қаншалықты құт болды? Жалпы, бай деген ұғымды ұнамсыз еткен кеңестік идеология. Әйтпесе, қазақтың бұрынғы байлары өзіне ғана емес, көпке болсын деген сүйкімді жандар болған. «Малым – жанымның, жаным – арымның садақасы» деген сөз бұрынғы байлардың аузымен айтылғанында дау жоқ. Сараңдықты серік етпеген, жомарттыққа жақын бұрынғы байлар тұтастай бір ауылдың, бүтіндей бір рудың жоғын түгендеп, жыртығын жамап қана қоймай, елдік істерге етене араласып, мектеп, медресе, көпір, жол салып, кәсіп бастап елдің алғысына бөленген. Қазақтың бас ақыны Абай мен оның әкесі Құнанбай да жарлы болмаған. Байлығымен, мансабымен елге болысып, бүкіл қазақтың уайымы мен қамын жеген. Кешегі Алаш зиялыларына да материалдық көмек, моральдық қолдау көрсетуде байлар алдына жан салмаған. Бар малын білімге, ізгілік жолында жұмсаған жомарт жандар көп болған. Қазақтан ұлы тұлғалар көп шыққан болса, соның қалыптасуында байлардың үлесі қомақты. Кеңес үкіметінің байлардың малын тәркілеуі оларды ғана емес, кедейлердің де өмірін күйретіп, аштықтан қынадай қырылғаны тарих бетінде қаттаулы.

Қазіргі байлар ше? Иә, оны тәптіштеп айтудың қажеті жоқ, оны бәріміз де көріп-біліп жүр емеспіз бе? Осының барлығы ұлттық құндылықтан ажырап, еуропаға еліктеуден туындап жатқан жоқ деп айта аламыз ба? Асылында бізге жүрер бағытымызды айқындап алғанымыз абзал. Ұлттық құндылықтармен суарылған ата-бабалар жолын таңдаймыз ба, әлде ел естімеген ессіз қылықтар шығып жатқан еуропаға ма? Бұл қоғам алдындағы басты сауал болуы тиіс.

Ш.Мекенбайұлы.