Халық қаласа, хан түйесін соймаушы ма еді?

Иә, «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген сөз бұрыннан бар. Бұрынғы адамдар, дәлірек айтқанда, бұрынғы хандар халқы үшін түйесін сойса сойған шығар, бірақ, қазіргі билік басындағылардың мұндай қадамға баруы… Әй, қайдам. Түйесін сою былай тұрсын, креслосынан көтеріліп, кабинетінен сыртқа шығып, жиналған жұртшылықтың мұңын тыңдап, уәжіне құлақ түрген әкім немесе министр жайлы соңғы рет қашан естігеніміз есімізде жоқ. Айтқандай, осыдан екі жылдай бұрын сол кездегі Жамбыл облысының әкімі, марқұм Бердібек Сапарбаевтың «ақ үйден» шығып, ветеринар дәрігерлер атып кеткен «Персик» атты иттің иесіне көңіл айтқаны еске түсіп отыр…

15 маусым, яғни сенбі күні Сайрам ауданының Қарамұрт ауылдық округіндегі С.Киров атындағы мектептің ұстаздары мен ата-аналары бас қосып, өздерінің қарсы уәждерін жоғарыға жеткізбекке бекінген екен. Бізді де шақырды. «Айтар уәжіміз бар» деген соң шабылмаған шөбіміз, суғарылмаған егініміз болса да көпшіліктің шақыруына қарсы сылтау айтқымыз келмеді. Себебі «Халық – құдайдың екінші аты». Жеке бастың бітпес тірлігін халықтың мұң-мұқтажынан жоғары қоя алмадық.

Шақырған жерге барғанымызда мектеп сыртында бірнеше ондаған адам жиналып тұр екен. Сұрастырып білгеніміздей, осы ауылдағы №1 гимназия мен С.Киров атындағы мектепті қосқалы жатыр екен. С.Киров мектебінің ұжымы бұл бастамаға келіскілері келмейді. Себебі түсінікті. Бірнеше ондаған адам жұмыссыз қалуы, сағаттары азайып кетуі мүмкін, тағысын тағылар. Бір күн бұрын, яғни жұма күні облыс әкімі Дархан Сатыбалды Ақсукенттегі мәдениет үйінде Сайрам ауданының тұрғындарымен кездескенде Қарамұрттан осы мәселені айту үшін 50 шақты адам барыпты. Бірақ әкімдік қызметкерлері болса керек, олардың барлығын кездесуге кіргізбей қойған. Ашулы адамдар сол күні аудандық білім бөліміне барады. Топырлаған топтың әрекетінен сескенді ме, әлде шынайы ниеті болды ма, әйтеуір білім бөлімінің басшысы Бауыржан Ахметов барған адамдарды қабылдап, облыс әкімінің орынбасарына түскен арыз бойынша зерделеу жұмыстары жүріп жатқанын айтқан. Бірақ «зерделеу немен аяқталады, ертең облыстан қосылсын деген қаулы шығып кетсе бәрі кеш болады» деп уайымдаған жұртшылық ауданның бас ұстазы айтқан уәжге қанағаттанбай, келесі күні мектеп алдына тағы жиналыпты. Бұл жиынға аудан әкімі мен білім бөлімінің басшысы келсін деген талап қойылғанымен, әкімдіктің жауапты мамандары «бүгін жұмыс күні емес» деп қысқа қайырды. Білім бөлімінен бас маман Сәуле Көшкінбаева мен заңгер Бейбіт Зиябеков барды. Бірақ олардың зерделеу жұмыстары жүріп жатыр деген сөзі жиылған жұрттың көңілдерінен шықпады. Сол себепті дүйсенбіде ата-аналар мен ұстаздардан құралған бір топ адам тағы да аудандық білім бөлімін бетке алыпты. Талаптары – екі мектептің қосылмайтыны жайында нақты жауап алу, ол болмаған жағдайда тікелей облыс әкіміне барып, шағым айту.

Істің насырға шабуының алдын алды ма кім білсін, Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Ахметов біршама уақыттан кейін жиналған жұртты қабылдап, екі мектептің қосылмайтынын шегелеп айтып, кездесудің хаттамасына сол сөзді енгізетінін жеткізді. Көңілдері орнына түскен қарамұрттықтар риза болып тарқасты. Бір ата-ана ауданның бас ұстазына түсіністік танытқаны үшін алғыс айтуды да ұмытпады.

Иә мәселе шешімін тапқандай болды. Бірақ айтылмаған уәж, жауап берілмеген сұрақ қалып тұр. Облыс әкімі тұрғындармен кездесуге келгенде неге мәселе айтпақ болған ұстаздар залға кіргізілмеді? Аталған мектептің директоры Серік Тасмұрзаев не себепті ұстаздардың мәселе көтеруіне қарсы, әлде оны мектеп жабыла қалса жұмыссыз қаламын деген ой мазаламай ма? Мүмкін «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деп айтқан дұрыс шығар. Дүйсенбі күні білім бөлімінің заңгері Бейбіт Зиябеков наразы топтан неге бұл мәселемен директордың айналыспайтынын сұрап, бір жайттың шетін шығарды. Шынында да өзі басқарып отырған мектептің шаруасы, ұжымның уайымы неге директорды мазаламайды? Керісінше ол мектеп алдында жиналған көпшілікке «жиналмаңдар, мен рұқсат бермеймін!» деп ағысқа қарсы жүзумен болды. Бәлкім, Президенттің резервтегі кадр саясатымен басқа жақтан келген басшы үшін жергілікті халықтың мұң-мұқтажы маңызды болмай отырған болар? Олардың жоғын жоқтағаннан көрі бәрін тастап келген жағына кері қайта салған оңай болып тұр ма? Бір сөзбен айтқанда, мәселе қалай шешілсе де директордың жоғалтатыны жоқ секілді.

Жә, жарайды, мәселе оңынан шешілуге бағыт алды. Ендігі мәселе – өткен оқу жылында 3-4 сағатпен жұмыс істеген ұстаздардың жаңа оқу жылындағы жағдайы қалай болады деген сауал. Бұл сұраққа мектеп директоры Серік Тасмұрзаевтың өзі жауап бере алатын шығар.

Балқы БАЗАР.