Әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Мақтаарал ауданына жасаған жұмыс сапары барысында аудандағы құрылысы аяқталған және жүріп жатқан әлеуметтік нысандардың жәй-күйімен танысты. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бейсенбай Төребеков тозығы жеткен ғимараттарды да таныстырып, нысандардың қазіргі жай-күйін баян етті.
Облыс әкімінің орынбасары алдымен Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан «Толағай» лагеріне барды. Мұнда қазір 200 оқушы жазғы сауықтыру қызметтерін алуда. Балалардың қауіпсіздігі үшін лагерь аумағында барлық жерде бейнебақылау камералары орнатылған. Аудан басшылығы демалыс орнын күрделі жөндеуден өткізу керектігін айтып, облыс әкімінің орынбасарына жөндеуге қатысты жоба бойынша ұсыныстарын айтты.
Типтік үлгідегі Қ.Сәтбаев атындағы №6 мектебіндегі күрделі жөндеу құрылысы биыл маусым айында басталған. 570 орынды білім ошағын келесі жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Бейсен Дәулетұлы А.Пушкин атындағы №7 мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын да көзбен көріп, мердігерлерге жұмысшы күшін екі есе көбейту және құрылыс сапасына аса мән беруді тапсырды. Кемшіліктер кешірілмейтінін, айыппұлдар салынатынын да ескертті.
Облыс әкімінің орынбасарына аудандағы М.Тұрсын-заде атындағы білім ұясының қиын ахуалы да баяндалды.
Бейсен Тәжібаев А.Қалыбеков ауылдық округі Төрткүл елдімекенінде жаңадан салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы ойдағыдай жүріп жатқанына көз жеткізді. Ауданда мәдениет саласында инфрақұрылымды жақсартуға жақсы көңіл бөлінгенінің куәсі болды. Атап айтқанда, соңғы жылда 2 мәдениет үйі пайдалануға берілген. Сондай-ақ, Алғабас елдімекеніндегі мәдениет үйінің күрделі жөндеу құрылысы биыл наурыз айында басталып, қазан айында аяқтау жоспарланғанымен мерзімінен бұрын тапсырылады деп күтілуде.
Айта кетейік, облыс әкімінің орынбасары сапарының соңында ауданның белсенді азаматтарымен ашық жиын өткізіп, өңірдегі өзекті мәселелерді тұрғындардың өзінен естіп, тыңдады.