Санаулы күндерден соң сабақ басталады. Сабақпен бірге сан түрлі қиындықтар да қосақталып келеді. Соның бірі – кептеліс. Перзенттерін бір мезетте мектепке, балабақшаға тасымалдаудың салдарынан көше-көше, мектептердің алды ию-қию кептеліске айналады.
Әрине, мегаполистерде кептелістен құтылу қиын, бірақ, жеңілдетуге болатын жайттар бар. Қазір кептелісті кемітудің тиімді жолы ретінде – қала ішінде жолайрықтар салуды көбейтуде. Шымкентте соңғы жылдары Қонаев пен Рысқұлов және Арғынбеков пен Бәйдібек би көшелерінің қиылысына жолайрықтар салынды, Қонаев көшесі ұзартылды. Бұл кептелістің кемуіне әсер еткенімен, мәселе толық шешілді деуге болмайды. Әлі де қосымша мүмкіндіктерді пайдалану қажеттілігі туындайды.
Қосымша мүмкіндіктер дегенде ең алдымен қала көшелеріндегі жылдамдықтың төмен шектеулерін азайту қажет. Қала ішінде үлкен көшелерге тым жақын мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандардың алдынан өтетін жолдардың өзгесіне 40 деген шектеу қою жүргізушілерге де, қаланың экономикасының дамуына да кері әсерін тигізетін келеңсіздік. Неғұрлым шектеу деңгейі төмендеген сайын кептеліс күшейіп, азаматтардың уақытын ұрлаумен қатар, толыққанды жұмыс істеу мүмкіндігін де тежейді. Уақытының көбі кептелісте өткен адамның көп жоспары орындалмай қалары түсінікті. Сол себепті қала ішіндегі көшелерге 60-тан төмен шектеу қойылмау керек. Сондай-ақ, қаланың төрт қапасынан кіріп-шығар үлкен көшелерді барынша кеңейтіп (оған мүмкіндік бар), шектеуді 80-ге дейін көтерудің кептелісті болдырмауға көмегі өте көп. Көліктер кең көшемен жылдам шығып кетер болса кептеліс азаяды. Азаматтар діттеген жеріне жылдам жетуге жол ашылады. Мұндай мысалдарды әлемдегі көптеген ірі қалалардың тәжірибесінен кездестіруге болады.
Осы тұста бір мысал келтіре кетейік. Шымкенттің шығыс бағыты қазір Төлеби ауданының орталығы – Ленгір қаласына дейін созылған. Шымкенттен шыға берістегі Қапал батыр көшесінен басталатын тас жолмен Ленгір қаласына жеткенге дейінгі аралықта жылдамдықты 60 шақырым сағаттан асыра алмайсың. Кей тұста 40 та кездеседі. Бұл екі аралықта ауыл орналаспаған аймақтар да бар. Сол тұстарға жылдамдықты 80-ге дейін көтерсе, жүргізушілерге өте тиімді болар еді. Қазіргі кезде Төлеби ауданынан немесе сол екі аралықтағы ауылдардан Шымкентке қатынап жұмыс істейтін азаматтар көптеп саналады. Сол себепті таңертең және кешке, жазғы уақытта таулы аймақта демалушылар есебінен сенбі-жексенбі күндері үлкен тас жолдың өзінде кептеліс орын алады. Мәселен, бұрын Шымкент пен Ленгірдің арасын жарты сағатқа жетпей жүріп өтетін жүргізушілер қазір бұл аралықта бір сағатқа жуық, кейде бір сағаттан астам уақытын жоғалтады. Ақсу бағытына, Бәйдібек би көшесінен қала сыртына бағыттайтын көшеге қатысты да осы мәселе бар. Ал Келес, Жетісай, Шардара аудандарын бетке алған азаматтар тек барып-қайтудың өзіне кем дегенде 6-7 сағат уақытын шығындайды. Ал егер белгіленген жылдамдықты асырмай, ережені барынша сақтап жүрер болсаңыз одан да көп уақытыңыз жоғалды деп есептей беріңіз. Сарыағаш ауданының шекарасынан өткеннен кейін жүрісің өнбей, тұсаулы аттың күйін кешесің. Сонда олар негізгі шаруасымен қашан айналысып үлгереді? Түркістан, Жетісай, Шардараға барып қайтқандар, алтын уақыттарын жоғалтумен қатар жиі-жиі айыппұл арқалап қайтады. Бұл жүргізушілердің жүйкесін жүндей түтіп бітетін болды. Анығын айтқанда, жол ережелері мен жылдамдықты шектеулер жүргізушіні ереже бұзуға еріксіз мәжбүрлейді. Оның үстіне тақтайдай болуы тиіс ақылы жол қырық жамалып, қашан жолға шықсаңыз да жөндеу жұмыстары жүріп жатады. Неге бітпейтін жөндеулер бұл? Сосын осы аталған тас жолдарды қиып өтетін жаяу жүргіншілер жолағы өте көп. Оған жақындаған кезде жылдамдықты төмендетіп, баяу өтуге тура келеді. Неге осы жолақ тұстарына бағдаршам қоймасқа? Жолды кесіп өтетін жаяу жүргінші қажет кезде тетікті басса, көлікке қызыл жарық жанады. Сосын жаяу жүргінші де қауіпсіз жағдайда жолдың келесі бетіне өтіп алады. Басқа кездері бағдаршам көліктерге жасыл жанып, жылдамдықты төмендетпей-ақ өте берсе болар еді. Осының барлығын тиісті сала мамандары қайта сараптап, шектеу мәселесін барынша оңтайлы шешсе екен деген талап-тілегіміз бар.
Кептелістің орын алуына қаладағы шамадан тыс көп бейне бақылау камералары мен жол жүру белгі-сызықтардың да қолайсыздық тудыратын жайттары кездеседі. Айталық, айыппұлдан әбден зәрезап болған жүргізушілердің арасында 40 шақырым-сағат шектеу қойылған жерден 30-35-пен жүретіндер аз емес. Мұндай тасбақа адым кептелістің бірінші себебі. Оның үстіне камераға түсіп қалмайын деген уайым, қобалжу жүргізушіні еріксіз алаңдатып, жол жүру ережесін абайсызда бұзып алуы әбден мүмкін. Тіпті, бұл кейбір шетелде ғылыми дәлелденген дүние. Мәселен, автобандарда, қала ішінде жылдамдықты шектеуді барынша жоғары етіп қойған Германияда біріншіден, кептеліс аз болса, екіншіден, жол-көлік оқиғасы жиі орын ала бермейді. Сондай-ақ, жылдамдықты шектеу көрсеткіші төмен көрші елдерге қарағанда экономикалық даму деңгейі жоғары екені дәлелденген. Өйткені, жылдамырақ жүрудің нәтижесінде уақыттан ұтқан жүргізуші-жолаушылар кептеліске кететін уақытын жұмысқа арнап, көп іс тындырады екен.
Қазіргі шығып жатқан жаңа көліктердің барлығы да жоғары жылдамдықпен жүреді, яғни діттеген жеріңізге жылдам жеткізуге арналған. Ал, бізде оған мүмкіндік жоқ. Егер көше-көшенің барлығын камераға толтырып, төмен шектеулермен адымды аштырмай тастасақ, онда жоғары жылдамдықты көліктердің бізге қандай қажеттілігі бар? Барлығымыз қайтадан сонау кеңестік заманның көлігіне мініп жүре бермейміз бе? Бір ескеретін жайт, жылдам қозғалатын көліктердің тежегіші де тегеурінді, кілт тоқтай алады. 60-пен келе жатып, жылдам тоқтауға мүмкіндік бар. Айтқандай, бейнебақылаудың «қырағылығының» арқасында өндірілген айыппұлдар жол жөндеуге және басқа да әлеуметтік нысандарды салуға жұмсалса көңіліміз де тыныш қой, ал айыппұлдың дені жекенің қалтасына кетіп жатқанын, яғни жекенің басыбайлы бизнесі екенін естігенде жүйкеңізге түскен салмақ бірнеше есеге ауырлайтыны айтпаса да түсінікті.
Кезінде Грузияда Президент тізгінін жаңадан ұстаған Саакашвили бір күнде 85 мың полицейдің 75 мыңын жұмыстан босатып жібергенде жұрт «жаппай бұзақылық орын алатын болды» деп үрейленген. Алайда, жағдай керісінше сипат алғаны есімізде. 15 мың адам жұмыс істейтін Жол полициясын таратып жіберген. 3 ай бойы жолдағы жағдайды ешкім бақыламаған. Ел еркін жүрген, бірақ жол ережесін бұзу фактілері көбеймеген. Қазір де көптеген шетелдерде қатты шектеулер жоқ, камералар да көп емес. Бәлкім, бізде де жылдамдыққа, басқа да көлік жүрісіне тым қатты шектеу қоя бермей, еркіндеу ережелер енгізіп, камераларды азайтар болсақ, біз ойлағандай қауіп күшеймей, керісінше жол жүру ережесі сақталар ма еді? Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?!
Ш.Мекенбай.