Әкім қастандық жасай ма деп қорқамыз

Президенттен көмек сұрауға мәжбүр арыстық кәсіпкер осылай дейді

Арыс қаласына қарасты Қызылкөпір елдімекені Самара-Шымкент тас жолының бойында орналасқан. Күре жол бойын кәсіпке айналдырған қызылкөпірліктер бертінге дейін балабақшадан тапшылық көріп келген екен. 2020 жылы ғана екі қабатты жекеменшік балабақаша ашылған. Бұл жергілікті тұрғындар үшін тиімді болғанымен, балабақшаны іске қосқан жеке кәсіпкер үшін қиындық тудырып отырған жайы бар.

Қиындық болғанда «белге байлаған шоқпарын» көтере алмай жатқан ештеңесі жоқ. Мәселе қаржыға келіп тіреледі. Мемлекеттік бағдарламаға сай төленуі тиіс қаражат берілмей келеді. Осы мәселені алға тартып, әр есікті қаққан кәсіпкер бүгінде шарасыз күйге түсіп, журналистерден көмек сұрауға мәжбүр. «Мен 2019 жылы Арыс қаласының сол кездегі әкімі мен білім бөлімінің басшысына арнайы барып, оқу-тәрбие жұмысына жәрдемімді тигізсем деген ниетім барын айттым. Олар «Қызылкөпірде мектеп бар, балабақша ашсаңыз болады, 2 қабатты ғимарат салуға шамаңыз келе ме?» деп сұраған соң мүмкіндігім бар екенін жасырмадым. Осылайша 2019 жылдың ақпан айында құрылысы басталған балабақша ғимараты желтоқсанда дайын болды.

Сол жылы жазда келген ауылдық округ әкімі Жұманәлі Кәдиев: «О, әпше бітіріп қалыпсыз ғой, іске қоса беріңіз. Жан-жағын көгалдандырамыз, ауылдың көркі болады» деп жақсы іске үміттендіріп қойды. Алайда, содан кейін мен оны қайтып көрген жоқпын. Балабақшаны қаржыландыру мәселесі бойынша Арыс қалалық білім бөліміне бірнеше рет бардым. Сөйтіп жүргенде 2020 жылы карантин басталды. Сол жылы дәрігерлік кабинетке лицензия алып, жұмысты бастадым.

Арада екі жыл өтті. Қаржыландыру мәселесі әлі шешілмей келеді. Осы кезге дейін мемлекеттен бір тиын да қаражат алмадым. «Жаңадан ашылған балабақшаға қаржы бөлінбейді, сіздер жаңадан ашылғансыздар» деген сылтауды алға тартады. Қайдағы жаңадан ашылған, жұмысты бастағанымызға екі жыл болды. Екі қабатты ғимаратты ұстап отыру, жұмысшыларға жалақы төлеу оңай шаруа емес. Қыстың күні жылуға жұмсалған газдың өзіне 130-140 мың теңге төлейміз. Жұмысшылардың жалақысын да жеке қалтадан беріп отырмыз. Әкімдердің сөзіне сеніп қалып, қазір тек шығынға жұмыс істеудеміз. Бұл кәсіпкерді қолдау емес, қорлау ғой.

Қала әкімі ауысқаннан кейін жаңа басшы Гүлжан Құрманбекованың да қабылдауында болдым. Білім бөлімінің басшысы тағы да «жаңадан іске қосылған балабақшаларды қаржыландыру тоқтап тұр» деп жалтарды. Әкім орынбасары Сапарбай Дәрібайдың «Бұл кісінің жүгіріп жүргеніне екі жыл болды ғой. Одан да кінә өзімізден деп мойындасаңшы» деген сөзі де далада қалғандай болды. Табаннан тозып жүргеніміз енді осылай», – дейді әкімнің сөзіне сеніп қалып, бүгінде шарасыз күйге түскен жеке кәсіпкер Үржамал Оразова.

«Үржамал апа» балабақшасы шаруашылық ісінің меңгерушісі Айнұр Өтетілеуова да базынасын былай деп жеткізді: «2020 жылдың қараша айынан бастап жұмыс істеудеміз. Балабақшаның ресми ашылу салтанатына қалалық білім бөлімінің басшысы сегіз адамнан құрылған комиссиямен бірге келіп, шашу шашып, құттықтап кеткен болатын. Алғашында 100 балаға дейін қабылдадық, қазір 84 бала қалды. 11 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Құжаттың бәрі түгел, құзырлы органдар тексеріп, оң қорытындысын беріп кетті. Енді тек мемлекеттің қаржыландыруы ғана қалып отыр.

Жуырда «Түркістан» телеарнасынан жуналистер келгенде жолдың, жарықтың жағдайын айтамыз деп ауыл әкімінен ұрыс естідік. Шынын айтқанда, уәжімізді қаттырақ айтсақ қастандық жасай ма деп ауыл әкімінен қорқамыз. Бұрын да қылмыстық жағдай орын алғанын білеміз. Бала-шағамның қауіпсіздігі үшін алаңдаймын».

Осылай деген Айнұр Өтетілеуова отбасының қауіпсіздігі үшін қажет болса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан да көмек сұрауға дайын. Сонда Қызылкөпір ауылында заң жоқ па? Ауыл әкімі Қазақстан заңына бағынбайтын болғаны ма? Қарсы уәж айтқанға қастандық жасайтын адам қалайша мемлекеттік қызметте, оның үстіне басшылық қызмет атқарып жүр? Бұл сұмдық емес пе?!

Шағымданушы азаматтардың бізге қаншалықты ақиқатын айтқанын білмек оймен және ушыққан мәселені қалай шешуге болатынын сұрамақ мақсатта ауыл әкімі Жұманәлі Кәдиевпен тілдескіміз, жүздескіміз келгенімен, әзірге ол мүмкін болмай тұр. Қала әкімінің баспасөз хатшысы мен ішкі саясат бөлімі мамандарының да сұхбаттастарымыз дегенінен ештеңе шығар емес. Амал жоқ, мақаланы әкімнің пікірінсіз жариялап отырмыз. Ал егер осы мақала газетке шыққаннан кейін әкім мырза қарсы уәж айтар болса, оны оқырман назарына ұсынуға әзірміз.

Ұлықбек ҮМБЕТ.