Иә, Қожа деп айтылып тұр дейсіз ғой. Дұрыс. Бірақ, бұған келіспейтіндер де бар екен…
Өткен жылы Түркістанда ауқымды жиын өтті. Соған қатысқан Әлжан есімді бір қариямен танысып, біраз пікір таластырғанымыз бар. Кешегі күні сол кісі Шымкентке келген екен, мені іздеп, кездесуге шақырды. Бардым. Қостанай облысында өтетін маңызды кездесуге бара жатыр екен, маған «пікірлерің ұнады, қасыма серік болып жүрсең жақсы болар еді» деген ұсыныс айтты.
Әлжан қариядан бір тосын әңгіме естіген болатынмын. «Өткен жылы Түркістанда Телеу руының өкілдері бас қосқанда ортамыздағы бір адам «Қожа Ахмет Яссауи Телеу руының Әжіахмет деген баласынан тараған» деген мәлімет айтты. Мен оған «тарихқа қиянат жасамайық, кейін күлкі боламыз, ондайды қойыңдар» дегенмін. Сол кезде ол өз пікірінен танбайтынын айтып еді, енді бірнеше мақала жазғанын естідім. Кітап та жазып жүр екен. Кітаптан кейін кино түсірілсе де таңқалмаймыз. Оған сенетіндер де табылады. Бұл қалай болар екен? Жөнін айтсаң көнбейді. Қазір кітап шығару да оңай ғой, ішіндегі мәліметін ешкім тексерместен баса береді. Ертең Телеудің төрт баласы тараған жерге асқа барамыз. Осы мәселе талқыланады дегенді естіп, бұл қалай болар екен деп отырмын», – деп күдікті ойын жеткізді.
Расында ойланатын мәселе. Академик Асқар Жұмәділлаев: «Шыңғыс хан бір сәт қазақ болғанда не ұтамыз, өзен теріс аға ма, маңдайға мүйіз шыға ма?» деген болатын. Сол айтқандай Яссауи Телеу болғанда одан келер пайда қайсы? Базбіреулер үшін ол мәртебе болуы мүмкін, бірақ абай болмасақ тарих қиянатты көтермейді. Бүгін Қожа Ахмет Яссауиді Телеу етсек, ертең тағы біреулер Аргентинаны құрған Арғындар деген кітап шығарып, кино түсіріп жатса таңқалмаймыз. Дұрысы жауһарларымыздың руын емес, еңбегін зерттесек, соның пайдасын көрсек екен.
Ұ. ТӘМЕНОВ.