«Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз»       

Тәуелсіз Қазақстанның рәміздер күніне орай облыс орталығы Түркістан қаласында мектеп оқушылары арасында «Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз» атты облыстық өнер фестивалі болып өтті.

Осы фестивалге Мақтаарал ауданының Қ.Сәтбаев атындағы №6 жалпы білім беретін мектептің оқушылары да барып қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Атап айтқанда, Ақмурзаев Сәт пен Қантбек Аян және С.Мұқанов атындағы №40 жалпы білім беретін мектептің «Монстр» би тобы, Қажымұқан атындағы №11 жалпы білім беретін мектептің «Жауқазын» би топтары өз өнерлерін көрерменге ұсына отырып, өзі қатарлас балалар арасында өнерімен өзгелерді тәнті етті.

Нәтижесінде фестивальдің қорытындысы бойынша «Ән мен жырдың мекені» номинациясы бойынша  БАС Жүлдені мақтааралдық өнерпаздар иеленді. Оларға сыйлыққа 300 000 теңгенің сертификаты табыс етілді.

Оқушылардың осынау додалы бәйгеден қанжығасына жүлде байлап келген табысына орай Мақтаарал ауданы білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Арап Қайрат Әбдірахымұлы жас өнерпаздарды арнайы құттықтады. Өнері өрісті болсын деген тілекпен бәйгеден озып келген өрендерге баянды да бақытты балалық шақ тіледі. Өнерпаз өрендерді тәрбиелеп жүрген мектеп ұстаздарына да өз тарапынан алғысын айтып, құрмет көрсетті.